Дамир Исмағұлов аралас жекпе-жектегі жеңілісінен кейін басқа спортқа ауысатынын мәлімдеді

Дамир Исмағұлов аралас жекпе-жектегі жеңілісінен кейін басқа спортқа ауысатынын мәлімдеді

Дамир Исмағұлов кәсіпқой боксқа ауысады, - деп хабарлайды Vesti.kz

Басылым мәліметінше, аралас жекпе-жек шебері соңғы кездесуіндегі сәтсіздіктен кейін осындай мәлімдеме жасаған.

"Жақын күндері бокстан Ресей ұлттық құрамасымен бірге жаттығу жиынына қатысамын. Бұған дейін де мықты деген былғары қолғап шеберлерімен спаррингтер өткізіп, оларды жеңіп те жүргем. Сол кезде кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсету туралы ой пайда болған еді. Жақын арада сол мақсатым жүзеге асуы мүмкін", - дейді Дамир.

Ресейдегі қандасымыз бұған дейін әр дайындықтың 80 процентін бокс жаттығуларына арнағанын алға тартады. Осы тұрғыда бапкері Ильдар Аисиннің еңбегін де ерекше атап кетті.

Еске салайық, Дамир соңғы кездесуін өткен аптада Лас-Вегас қаласында өткізді. UFC турнирі аясында ресейлік Арман Царукянмен жолығып, төрешілер шешімімен есе жіберді. Бұл Дамирдің соңғы 7 жылдағы бірінші, ал жалпы кәсіпқой мансабындағы екінші жеңілісі. Ол бүгінге дейін бас-аяғы 26 жекпе-жек өткізіп үлгерді.

31 жастағы Дамир қазір UFC ұйымымен келсімшартты тоқтатты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова