Аргентина - Хорватия: Месси Марадона ерлігін қайталай ала ма?

Аргентина - Хорватия: Месси Марадона ерлігін қайталай ала ма?
Фото: Reuters

Бүгін Катардағы әлем чемпионатының алғашқы финалисін анықтаймыз. Жартылай финал аясында Аргентина мен Хорватия құрамалары күш сынасады. Кездесу елорда уақытымен 01:00-де басталады. Жеңіске жеткен команда финалға өтсе, жеңілген құрама кейін қола медальға таласады. Massaget.kz тілшісі екі құраманың бұрынғы әлем чемпионаттарындағы нәтижесін, биылғы бабын және статистикаларға тоқталады.

Месси Марадона ерлігін қайталай ала ма?

Аргентиналықтар әлем чемпионатының жартылай финалына бесінші рет шығып отыр. Бұл құраманың жанкүйерлеріне жақсы статистика бар. Аргентина әлем чемпионатының жартылай финалында ешқашан жеңіліп көрмеген. 1930 жылы ең алғашқы әлем чемпионатының финалында Аргентина ойнағанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бірақ сол финалда Уругвайдан жеңіліп қалған.


1930 жылғы ӘЧ финалы. Фото: ФИФА

1978 жылы Аргентина әлем чемпионы атанған кезде турнир ережесі басқаша өтіп, топтық кезеңнен кейін бірден финал болған. Ол кезде жартылай финал ойналмады.

Ал 1986 жылы Аргентина жартылай финалда Бельгияны 2:0 есебімен жеңген, сол кезде екі голды да Диего Марадона соққан болатын. Артынша финалда Германияны жеңіп, екінші рет әлем чемпионы атанған.

Келесі, 1990 жылғы мундиальде де Аргентина 1/2 финалға жетіп, Италияны пенальти сериясында жеңді. Бірақ финалда Германиядан жеңіліп қалды.


1990 жылғы ӘЧ финалы. Фото: ФИФА

Одан кейін 24 жыл бойы Аргентина әлем чемпионатының жартылай финалына жете алмады. Тек 2014 жылы Аргентинаның Марадонадан кейінгі жаңа жұлдызы Лионель Мессимен бірге жартылай финалға жетті. Ол кезде Нидерландты жеңіп, финалда тағы да Германияға есе жіберді.


2014 жылғы ӘЧ финалы. Фото: Reuters

Ал биыл жартылай финалға бесінші рет шығып отыр. Топта Сауд Арабиясынан жеңіліп қалғаннан кейін Мексика мен Польшаны 2:0 есебімен жеңді. Артынша Аустралия мен Нидерландты үйіне қайтарды.

Қазір Аргентина құрамасынан кімді ерекше атап өткен жөн? Әрине, Лионель Мессиді. Бұл - 35 жастағы Мессидің соңғы әлем чемпионы. Яғни, құрамамен бірге әлем чемпионы атануға соңғы мүмкіндік. Месси мұны жақсы түсінеді. Катарда 4 гол соғып, 2 нәтижелі пас берді. Былайша айтқанда, Аргентина биылғы әлем чемпионатында 9 гол салса, соның алтауына Месси қатысқан.


Фото: Reuters

Одан кейін Джулиан Альварес те биыл белсенді, әзірше еншісінде екі гол бар. Польша мен Аустралия құрамаларына гол соққан.

Қақпашы Эмилиано Мартинестің де еңбегін бағалаған жөн. Иә, оның ойыны мінсіз емес. Нидерландқа қарсы кездесудің пенальти сериясына дейін ерекше сейвтерімен көзге түсе қоймады. Бірақ ширек финалдағы пенальти сериясында Нидерландтың алғашқы екі соққысын қайтарып тастап, Аргентинаға жолдама алып берген осы қақпашы болатын.

Үшінші рет жартылай финалда

Хорваттар әлем чемпионатына алғаш рет 1998 жылы қатысқан. Оған дейін Югославия құрамында болған еді. 1998 жылдан бері 7 мундиаль өтті, "шақпақ түстілер" үшінші рет жартылай финалда ойнайды.

1998 жылы алғаш рет жартылай финалға шыққанында Франциядан жеңіліп, кейін қола медальға таласқан. Онда Нидерландтан басым түсіп, тәуелсіз ел ретіндегі алғашқы мундиалінде-ақ қола медаль иеленген.


Фото: Reuters 

Ал 2018 жылы хорваттар финалға шыққаны есімізде. Ол кезде жартылай финалда Англиямен негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсіп, экстра-таймда Марио Манджукич жеңіс голын соққан еді. Финалдың өзінде француздардан жеңіліп, күміс медаль таққан.

Биыл да хорваттар жартылай финалға жетіп отыр. Негізі хорваттар қарсыласын 90 минутта жеңгенді ұнатпайды. Асықпай овертаймда не пенальти сериясында жеңіп кетеді.

Бұл 2018 жылы басталған. Сол жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Данияны, ширек финалда Ресейді пенальти сериясында жеңген. Кейін жартылай финалда Англияны овертаймда жеңгенін айттық.


Фото: Reuters

Биыл да солай басталды. 1/8 финалда Жапонияны, ширек финалда Бразилияны пенальтимен жеңді.

Хорваттар құрамынан Лука Модричті ерекше атап өтуге болады. 37 жастағы Лука әлі жасындай жарқылдап жүр. Әзірше Катарда нәтижелі ойынымен көзге түскен жоқ, гол соқпады, нәтижелі пас бермеді. Бірақ қорғаныс пен шабуылды байланыстырып жүрген дәл осы - Модрич.

Одан бөлек, хорваттардың дәл қазіргі қаһарманы - Доминик Ливакович. "Шақпақ түстілерді" жартылай финалға алып шыққан - дәл осы қақпашы. Пенальти сериясында 4 соққыны кері қайтарған. Әлем чемпионаты тарихында мұндай көрсеткішке ешбір қақпашы жетпеген. Одан бөлек, Бразилияға қарсы ойында Ливакович 11 сейв жасады.


Фото: Reuters

Тағы бір ойыншыны айта кетуіміз керек, бұл - Иван Перишич. Ол Катардағы мундиальде бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Қорғаныста да, шабуылда да керек ойыншы.

Кім жеңеді?

Бұл кездесуде Аргентина анық фаворит саналады. Мессидің бабына қарасақ, расымен солай. Аргентина құрамасы кейінгі 41 матчында бір мәрте ғана жеңілді. Оның өзі Сауд Арабиясынан.

Мынадай бір қызық статистика бар: Катардағы додада Аргентина бірінші болып гол жіберіп көрген жоқ. Есепті міндетті түрде өздері ашады. Ал Хорватия, керісінше, Катарда әлі бірінші болып гол соғып көрген жоқ. Міндетті түрде бірінші гол жібереді, сосын барып есепті теңестіреді.

Канада, Жапония мен Бразилияға қарсы матчтарда солай болған. Ал Бельгия мен Мароккоға қарсы ойындарда есеп мүлдем ашылмаған еді.

Аргентина мен Хорватия өзара бес рет кездескен. Әзірше есеп тең. Бір-бірін 2 реттен жеңіп, бір ойын тең аяқталған.

Командалар кейінгі рет 2018 жылы Ресейдегі әлем чемпионатының топтық кезеңінде кездескен. Сол ойында Хорватия Аргентинаны 3:0 есебімен тас-талқан еткен болатын, ал Лука Модрич бір гол соққан.


Фото: ФИФА

Бірақ 2018 жылғы Хорватияның биылғымен бір айырмашылығы бар. Биылғы хорваттар көп гол соқпайды. Төрт жыл бұрын хорваттар жартылай финалға дейін қарсыластарына 10 гол соғып тастаған. Ал биыл Катарда әзірше алты гол соқты, оның төртеуі - Канада қақпасына.

Аргентина болса, керісінше, алаңға шықса, голсыз кетпейді. Бұл команда соңғы рет былтыр қарашада гол соға алмаған. Бразилияға қарсы ойын 0:0 болып аяқталған еді. Содан кейін 18 матч бойы міндетті түрде гол соғып келеді.

Бұл матчта Аргентина фаворит екенін айттық, бірақ біз білетін хорваттар оңай шағылатын жаңғақ емес. Қорғаныста сауатты ойнайды. Кейінгі 11 матчында 6 гол ғана жіберген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш