Месси Аргентина рекордын қайталап, өз командасын жартылай финалға шығарды

Месси Аргентина рекордын қайталап, өз командасын жартылай финалға шығарды
Фото: Reuters

Аргентина құрамасы Катардағы әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ширек финалда аргентиналықтар Нидерланд құрамасымен кездесті. Матч бойы аргентиналықтар шабуылда өткір болды. Нидерланд допқа иелік еткенімен, Аргентина футболшылары көбірек соққы жасады. Нәтижесінде 35-минутта Науэль Молина Оңтүстік Америка өкілін алға шығарды.

Ал екінші таймда Нидерланд қақпасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Лионель Месси қақпашыдан айласын асыра алды. 

Ойын осы нәтижемен аяқталуға жақын тұрған, бірақ 83-минутта Ваут Вегхорст айып алаңына асырылған допты қақпаға басымен дәл бағыттап, есеп айырмасын қысқарта алды. Кейін еуропалық ұжым есепті теңестіруге тырысып, шабуылын үдетті. Бұл жемісін берді. Ойынның соңғы секундтарында Нидерланд құрамасы айып соққысын орындауға мүмкіндік алып, таразы басын теңестіре алды.

Осылайша, 2:2 есебімен тең түскен командалар овертайм ойнады. Онда есеп өзгерген жоқ, сондықтан пенальти сериясы болды. Ал онда аргентиналық футболшылар дәлдік танытты. 

Енді финалға берілер жолдаманы Аргентина мен Хорватия құрамалары сарапқа салады.

Ал Лионель Месси әлем чемпионаттарында 10-голын соғып, Аргентина құрамасының мундиальдегі үздік сұрмергені атанды. Бұл атақты ол Габриэль Батистутамен бөлісіп тұр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш