Оңтүстік Корея соңғы минуттарда гол соғып, плэй-офф кезеңіне жолдама алды

Оңтүстік Корея соңғы минуттарда гол соғып, плэй-офф кезеңіне жолдама алды
Фото: Reuters

Португалия мен Оңтүстік Корея құрамалары әлем чемпионатының плэй-офф кезеңіне шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Н тобының шешуші матчінде корей футболшылары Португалиядан жеңісті жұлып әкетті. Кездесудің 5-минутында Рикарду Орта португалиялық команданы алға шығарды. Бірақ 27-минутта Ким Ен Вон таразы басын теңестіре алды.

Корейлерге плэй-офф кезеңіне шығу үшін тек жеңіс қажет болатын. Сондықтан, азиялық ұжым матч соңына қарай шабуылда белсенді болып, негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттарда Хван Хи Чхан гол соқты. Осылайша, Оңтүстік Корея 2:1 есебімен жеңіске жетті. 

Топтағы екінші кездесуде Гана мен Уругвай кездесті. 21-минутта ганалық Андре Айю пенальтиден гол соға алмай қалды. Артынша 26 және 32-минутта Джорджиан де Арраскаэта екі гол соғып, Уругвайға жеңіс сыйлады.

Уругвайға Оңтүстік Корея құрамасының орнына плэй-оффқа шығуы үшін тағы бір гол керек еді. Бірақ уругвайлық футболшылар үшінші гол сала алмады.

Осылайша, Португалия алты, Оңтүстік Корея төрт ұпай жинап, плэй-офф кезеңіне жолдама алды. Төрт ұпайы бар Уругвай корейлерге қарағанда азырақ гол соққаны үшін үшінші орын иеленді. Ал үш ұпайы бар Гана соңғы орында. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш