Гана Уругвайдан 2010 жылғы матч үшін кек ала ала ма?

Гана Уругвайдан 2010 жылғы матч үшін кек ала ала ма?
Фото: FIFA

Бүгін футболдан Катардағы әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорда уақытымен 21:00-де Н тобындағы кездесулер өтеді. Португалия құрамасы Оңтүстік Кореямен кездеседі. Еуропалық ұжым плэй-офф кезеңіне жолдама алып қойды. Қазір топта алты ұпаймен көш бастап тұр. Бұл кездесуде Криштиану Роналду ойнамауы мүмкін. Сәрсенбіде футболшы құраманың жаттығуына қатыспады. Бас бапкер Фернанду Сантуштың айтуынша, Роналдудың бүгінгі ойынға қатысуы - 50 де 50. Бірақ португалиялықтар плэй-офф шаруасын шешіп тастағандықтан, басты жұлдызына демалыс беруі мүмкін.


Фото: Reuters

Оның үстіне қарсыласы - Оңтүстік Корея құрамасы. Корей футболшылары Катарда сәтсіз өнер көрсетіп жатыр. Қазір еншісінде бір ұпай бар. Топтан шығу мәселесі қиын. 1/8 финалда ойнауы үшін бүгін Португалияны жеңіп, Гана жеңіліп қалуын тілеуі қажет. 

Ал екінші матч жанкүйерлердің назарын аударатыны анықт. Себебі Гана мен Уругвай кездеседі. Бұл құрамалар кейінгі рет 2010 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында күш сынасқан еді. Сол ойынның 120-минутында Луис Суарес допты бос қақпадан қолымен алып шығып, пенальти белгіленіп, Гана сала алмай қалған болатын. Сөйтіп, пенальти сериясында Уругвай жеңіп кеткен. Бұл әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік матчтардың бірі саналады.


Фото: Reuters

Гана қазір үш ұпаймен екінші орында. Бұл құраманың матчтерінде гол көп соғылады, екі ойында да 3:2 есебі тіркелген.

Уругвай болса, керісінше, биыл гол соқпайтын құрамаға айналды. Әзірше екі ойында да қарсылас қақпасынан саңлау таба алмай, қазір бір ұпаймен соңғы орында тұр. 

Африкалықтар 12 жыл бұрын кеткен есесін қайтаруға тырысады. Сол 2010 жылдан кейін Гана құрамасы плэй-офф кезеңіне шығып көрмеген.


Фото: Reuters

Топтан шығуы үшін ганалықтарға жеңіс қажет. Ал егер Оңтүстік Корея Португалияны жеңе алмаса, ганалықтарға Уругваймен ұпай бөлісу де жеткілікті.

Топтық кезең матчтерін G тобы аяқтайды. Көш басындағы Бразилия құрамасы мен Камерун кездеседі. Бразилия алты ұпай еншілеп, плэй-офф кезеңіне шығып қойды. Камерунда бір ұпай бар, дегенмен плэй-офф кезңіне шығу мүмкіндігі сақтаулы. Дегенмен, сарапшылар бұл ойында Бразилия жеңіске жетеді деп санайды. Сондықтан Камерун топтан шыға алмайды деген пікір айтылып жатыр.


Фото: Reuters

Екінші кездесуде Сербия мен Швейцария кездеседі. Екінші орынға талас осы құрамалар арасында өтеді деп болжанып отыр. Швейцарияда үш, Сербияда бір ұпай. 

Швейцария Катарда нәтижелі ойынымен көзге түсе алар емес. Команда екі матчта бір гол соғып, бір гол жіберген. Ал сербтер өткен турда Камерунмен 3:3 есебімен тең тарқасқан еді.

3-турда Сербия құрамасына тек жеңіс қажет. Ал Швейцарияға тең есеп жеткілікті. Бірақ екі жағдайда да Камерун Бразилияны жеңбеуі керек.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш