Желтоқсанда жекпе-жекке шығатын қазақ боксшылары

Желтоқсанда жекпе-жекке шығатын қазақ боксшылары

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақ боксшылары көп-ақ. Шаршы алаңдағы шайқастары мен жеткен жетістіктері көңіл қуантарлықтай. Мұхит асып, құрлық басып, жетістікке жетіп, күрзі жұдырығының күшімен күллі әлемге танылып үлгергендері де баршылық. Желтоқсан айында солардың бірсыпырасы кезекті жекпе-жектерін өткізеді.

Жанқош Тұраров

Бірінші жартылай орта салмақта бақ сынайтын Жанқош Тұраров (25-0, 18 КО) Алматыда чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді. Өзі инста желісінде хабарлағандай, 11 желтоқсан күні испандық Энрике Луиспен шайқасады. IBO Intercontinental белбеуіне таласады.

Бокс кеші әлем DAZN платформасы арқылы әлемнің көптеген елінде тікелей эфирде көрсетіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ осы бокс кешінде Ангелина Лукас, ережесіз жекпе-жек шебері Арман Әшімов және кәсіпқой спортқа бет бұрған актер Еркебұлан Тоқтар алғашқы шайқасына шығады.

Батыр Жүкембаев

Батырдың шаршы алаңға шықпағанына бір жыл болып қалды. Былтыр желтоқсан айында Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Хуан Хосе Мартинесті нокаутпен жеңген. Биыл да желтоқсанда бір жекпе-жек өткізуді жоспарлауда. Жоспарлаған кездесуі 24 желтоқсан күні Алматыда өтеді. WBC Asia чемпиондық белбеуіне таласады. Бірақ әзірге қарсыласы кім болатыны белгісіз.

Садриддин Ахмедов

24 желтоқсан күні Алматыдағы “SADU Arena” кешенінде Садриддин Ахмедов те жұдырықтасады.

Менің жекпе-жектерімді әркез сағынатын Қазақ еліне рақмет! Sadriddin “S.O.Q” Ahmedov сіздерге шоу сыйлауға сақадай сай! Бокс кешінде жүздескенше!, - деп хабарлады инста парақшасында.

Иван Дычко

Супер ауыр салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Иван Дычко (12-0, 11 КО) 10 желтоқсан күні АҚШ-та жекпе-жек өткізеді деп күтілуде. Бұл жайында олимпиада жүлдегерінің менеджері Зия Алиев басылымдарға хабарлаған. Америкалық боксшы Теренс Кроуфорд пен ресейлік Давид Аванесян арасында өтетін бокс кешінің андеркартында жұдырықтасатыны айтылған. Алайда жекпе-жегі мен қарсыласы жайлы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Елхан Табынбаев

Желтоқсанда жұдырықтасатын тағы бір боксшымыз – Елхан Табынбаев (5-2, 3 КО). 11 желтоқсан күні Алматыда жартылай ауыр салмақта WBC International Silver белбеуі үшін шаршы алаңға шығады. Қарсыласы – Матеус Да Силва (7-0, 3 КО). Бразилиялық боксшы бұған дейін шет елде жұдырықтасып көрмеген.

Елхан биыл үшінші жекпе-жегіне шығады. Мұның алдында 15 маусым күні беларус боксшысы Сергей Крапшылды техникалық нокаутпен жеңген.

Желтоқсан айында шаршы алаңға шығатын және кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз!

Қосымша: өзге тағы ресми жекпе-жектер өтетін болса хабарлайтын боламыз.

О. Сансызбай