Шешуші ойын. Аргентина топтан шығуы үшін не істеуі керек?

Шешуші ойын. Аргентина топтан шығуы үшін не істеуі керек?
Фото: Reuters

Бүгін Катардағы әлем чемпионаты аясында С және D тобының кездесулері өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорда уақытымен 21:00-де D тобындағы командалар алаңға шығады. Тунис пен Франция құрамалары кездеседі. Француздар плэй-офф кезеңіне шығып қойды. Ал Тунис құрамасы бір ұпаймен соңғы орында тұр. Әзірше турнирде гол соғып көрген жоқ. 

Ал Франция құрамасы - алғашқы екі матчінде жеңіске жеткен үш команданың бірі. Қазіргі әлем чемпионы топтан жүз пайыздық көрсеткішпен шығуға тырысады. 

Екінші ойында Аустралия мен Дания құрамалары күш сынасады. Жасыл құрлық құрамасында үш, Данияда бір ұпай бар. 

Аустралия құрамасы өткен турда Тунисті жеңген. Бұл құраманың әлем чемпионатында 2010 жылдан бергі алғашқы жеңісі болды. Ал даниялықтар жанкүйерлерінің үмітін ақтай алмай жатыр. Алғашқы екі ойынды да сәтсіз өткізді. Бірақ 1/8 финалға жолдама алып қойған Франциядан бөлек, қалған бір жолдамаға үш құрама да мүдделі болып отыр. 

Ал ішінде мүмкіндігі ең көп құрама ретінде Дания қарастырылып отыр. Ол үшін даниялықтар Аустралияны жеңуі қажет. Сонымен қатар, Тунис Францияны ірі есеппен жеңбеуі керек. 

Ал түнгі 1:00-де С тобындағы екі жолдама сарапқа салынады. Бұл квартеттегі төрт құраманың да плэй-офф кезеңіне шығатын мүмкіндігі бар. 

Қазір топта Польша құрамасы төрт ұпаймен көш бастап тұр. Аргентина мен Сауд Арабиясында үш ұпайдан бар. Мексика бір ұпаймен соңғы орында.

Көш басындағы Польша мен Аргентинаның, құрама сұрмергендері Роберт Ледандовский мен Лионель Мессидің текетіресі болады. Поляктар 1986 жылдан бері алғаш рет плэй-офф кезеңіне шығуы үшін жеңілмесе болғаны. 

Ал Аргентинаға бірінші орынмен шығу маңызды. Себебі С тобында екінші орын алған құрама 1/8 финалда Франциямен кездеседі. Топта көш бастауы үшін поляктарды жеңуі керек. Егер жеңіліп қалса, Аргентина құрамасы Катардағы әлем чемпионатымен қоштасады.


Фото: Reuters

Екінші ойында Сауд Арабиясы мен Мексика күш сынасады. Бұл ойында Солтүстік Америка өкілі фаворит саналады. Бірақ араб футболшылары сенсация жасай алатынын бірінші турда-ақ көрсеткен.

Сауд Арабиясы өз тарихында мундиальдің плэй-офф кезеңіне шығып көрмеген. Алғашқы ойында Аргентинаны жеңген кезде Сауд Арабиясында нағыз мереке болған еді. Егер 1/8 финалға жолдама алса, жанкүйерлер бұл күнді ұзақ уақыт ұмыта қоймас.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш