Роналдудың басы тиді ме? Жанкүйерлер Португалия құрамасының голын талқылап жатыр

Роналдудың басы тиді ме? Жанкүйерлер Португалия құрамасының голын талқылап жатыр
Фото: Reuters

Португалия құрамасы әлем чемпионатындағы екінші жеңісіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Криштиану Роналдудың командасы Уругваймен кездескен. Ойын 2:0 есебімен аяқталды. Алғашқы гол 54-минутта соғылды. Ал гол авторына қатысты түсініспеушілік туды. Сол қанаттан Бруно Фернандеш әуелеткен доп Криштиану Роналдудың басына тигендей болып қақпаға кірген еді. Басында ФИФА сайтында гол авторы ретінде Роналду белгіленді.

Бірақ кейін ФИФА хаттаманы өзгертіп, голды Фернандештің атына жазды. Жанкүйерлер арасында гол авторына қатысты түрлі пікірлер жазылды. Бірі доп Роналдудың басын "жалап өтті" десе, енді бірі Португалия жұлдызына тиген жоқ деп санайды.

Ал матч соңына қарай Фернандеш пенальтиден гол соғып, матч нүктесін қойды.

Осы жеңістің арқасында Португалия құрамасы 6 ұпай жинап, плэй-офф кезеңіне жолдама алды. Ал Уругвай құрамасы бір ұпаймен соңғы орында тұр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш