Камерун мен Сербия матчінде алты гол соғылды

Камерун мен Сербия матчінде алты гол соғылды
Фото: Reuters

Футболдан әлем чемпионатындағы Камерун мен Сербия матчінде алты гол соғылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

G тобы аясындағы ойында Камерун мен Сербия кездескен. Бұл екі құрама да алғашқы турда жеңіліп қалған еді. Камерун Швейцарияға, Сербия Бразилияға жол берген.

Ал өзара матч өте тартысты өтті. Матч есебін 29-минутта Жан-Шарль Кастеллетто соғып, камерундықтарды алға шығарды.

Бірақ бірінші таймға қосылған қосымша уақытта серб футболшылары екі гол тоғытып тастады. Алдымен Страхинья Павлович, кейін Сергей Милинкович-Савич қанжығасын майлады. 

Ал екінші таймның басында Александр Митрович сербиялықтардың үшінші голын соқты.

Ойын мұнымен тоқтап қалған жоқ. 63-минутта Венсан Абубакар гол соғып, Камерун жанкүйерлеріне үміт сыйлады. Ал үш минуттан соң қарымта шабуыл жасаған камерундықтар Эрик Максим Шупо-Мотингтің көмегімен таразы басын теңестіре алды - 3:3.

Матчтің соңына дейін екі команданың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болды, бірақ таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ.

Осы матчтен кейін Камерун мен Сербия бір ұпайдан еншілеп, топта 3 және 4-орында тұр.

Ал топтағы келесі матчтер 2 желтоқсанда өтеді. Камерун Бразилиямен, ал Сербия Швейцариямен күш сынасады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш