Жас спортшы Алан Құрманғалиев халықаралық жарыста алтын алды

Жас спортшы Алан Құрманғалиев халықаралық жарыста алтын алды
Фото: olympic.kz

Португалияның Вила-Нова-ди-Гая қаласында өткен WTT Youth Star Contender-2022 халықаралық үстел теннисі турнирінде отандасымыз Алан Құрманғалиев алтын медаль еншіледі.

Қарағанды теннис мектебінің тәрбиеленушісі чемпиондық атаққа жету жолында жас теннисші Израиль өкілі Натанель Абрамовты - 3:0,  Франция спортшысы Натан Артур Пилардты - 3:0, Тунистен келген Вассим Эссидті - 3:2, румыниялық Рарес Куесдинді  - 3:2 және австралиялық Адита Саринаны - 3:2 есебімен жеңді. Осылайша халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді.

Алан Құрманғалиев 8 жасынан бері үстел теннисі спортымен айналысып келеді. Жуырда ғана Лаоста өткен жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Жас спортшыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы арнайы құттықтаған да еді.

Ө. Сансызбай