Германия құрамасы әлем чемпионатында топтан шықпауы мүмкін

Германия құрамасы әлем чемпионатында топтан шықпауы мүмкін
Фото: Reuters

Футболдан Катардағы әлем чемпионатының екінші турындағы орталық матч аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Е тобындағы матчте Испания мен Германия құрамалары кездесті. Испандар 2010 жылы, немістер 2014 жылы әлем чемпионы атанған.

Ойынның бірінші таймында есеп ашылмады. 40-минутта Антонио Рюдигердің голы есепке алынбады - неміс қорғаушысы офсайдқа шығып кеткен.

Ал 62-минутта испандар алға шықты - сол жақ қанаттан Жорди Альба асырған допты Альваро Мората қақпада тулатты.

Кездесудің 83-минутында Никлас Фуллкруг таразы басын теңестіре алды. Осылайша, матч 1:1 есебімен аяқталды.

Екі турдан соң Испания құрамасы Е тобында төрт ұпаймен көш бастап тұр. Жапония мен Коста-Риканың еншісінде үш ұпай бар. Ал Германия бір ұпаймен соңғы орында тұр.

Бұл топтың келесі матчтары 1 желтоқсанда өтеді. Испания Жапониямен, ал Германия Коста-Рикамен кездеседі.

Германия топтан шығуы үшін Коста-Риканы жеңуі қажет. Ал Испания жапон футболшыларынан басым түсуі керек.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш