Әлем чемпионатында тағы бір сенсация тіркелді

Әлем чемпионатында тағы бір сенсация тіркелді
Фото: Reuters

Марокко құрамасы әлем чемпионатында сенсация жасап, Бельгия құрамасын жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері бельгиялықтар 2-турда Мароккоға қарсы кездесуде айқын фаворит саналған. Бірақ африкалық құрама күтпеген жерден жеңіске жетті. 

Бірінші таймның соңына қарай Хаким Зиеш гол соққан, ол кезде марокколық ойыншы офсайдта қалып, доп есепке алынбады.

Ал екінші таймда Марокко футболшылары жауапсыз екі гол соғып тастады. 73-минутта Әбделхамид Сабири есеп ашты. Ал негізгі уақыттың қосымша минуттарында Закария Абухлял Марокконың екінші голын соғып, матч нүктесін қойды. Қорытынды есеп - 2:0.

Осы ойыннан кейін Марокко құрамасы 4 ұпаймен көш бастады. Екінші орындағы Бельгияда үш ұпай бар. Енді бүгін Хорватия мен Канада құрамалары кездеседі.

Бұған дейін Аргентина күтпеген жерден Сауд Арабиясынан жеңілген, ал Германия құрамасы жапон футболшыларына жол берген еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш