Ойын тағдырын бір гол шешті. Аустралия құрамасы плэй-офф жолдамасына жақындады

Ойын тағдырын бір гол шешті. Аустралия құрамасы плэй-офф жолдамасына жақындады
Фото: Reuters

Аустралия футболдан Катардағы әлем чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

D тобындағы кездесу "Әл-Вакра" стадионында өтті. Бұл ойын алдында топта ұпайы жоқ тек Аустралия құрамасы болатын. Команда бірінші турда әлем чемпионы Франциядан 1:4 есебімен жеңілген еді.

Ал Тунис Катардағы алғашқы кездесуінде Даниямен тең тарқасып, бір ұпай еншілеген.

Тунис - Аустралия матчінің тағдырын бір гол шешті. 23-минутта Митчелл Дьюк баспен алыс бұрышты дәл көздеп, есеп ашты. 

Екінші таймда африкалық құрама шабуылға көшті, жасыл құрлық командасы үзілістен кейін тек қорғаныста ойнады. Бірақ Тунис қанша шабуылдағанымен есепті теңестіре алмады. Қорытынды есеп - 1:0, Аустралия жеңіске жетті. 

Осы матчтен кейін үш ұпай алған Аустралия құрамасы D тобында екінші орынға көтерілді. Турнирде әлі гол соқпаған Тунис бір ұпаймен соңғы орында. Бұл топта Франция құрамасы көш бастап тұр, ал Данияда үшінші орында.

Бұл квартеттің келесі матчтері 30 қарашада өтеді. Тунис пен Франция, Аустралия мен Дания күш сынасады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш