Әлем чемпионатындағы ойындарға неге көп уақыт қосылуда?

Әлем чемпионатындағы ойындарға неге көп уақыт қосылуда?
Фото: thesportsdaily.com

Бұл күндері Катарда футболдан төрткүл дүние көз тіккен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс басталғалы жанкүйерлер байқаған бір ерекшелік – ойындардың ұзаққа созылуы. Әр таймға қосылып жатқан уақыт көрсеткіші көпшілікті шын таңғалдыра бастады. Англия мен Иран құрамалары арасындағы ойын, тіпті рекорд орнатты. Төреші бірінші таймға 14 минут, екінші таймға 10 минут және қосымша VAR  мен пенальти үшін тағы 3 минут қосқан. Футболдағы мұндай қадам нені байқатады?

Әлем чемпионатында уақыттың көп қосылуына жаңа өзгерістердің әсері бар. Оны бүгінде жарыс ойындарын жүргізіп жүрген комментатор Уалихан Қосанбай тарқатып айтты.

Чемпионат алдында FIFA төрешілерге қатысты ережелерге түзету енгізді. Бұрын 4 төреші болса, оған тағы бір маманды қосты. Ол не істейді? Бұған дейін төрешілер ойыншы алмасқан уақыт пен жарақат алған сәтті ғана есептейтін. Соған қарай қосымша уақыт қосатын. Қазір бұл чемпионатта бесінші төреші VAR уақытын, айып соққысын тебу, гол салғандағы тойлауы, алаңдағы даулы сәттер, пенальти және басқа факторларды назарға алып, қосатын уақытты шығаратын болған, - дейді спорт маманы.

FIFA футболдағы уақыт ережесін өзгерткісі келе ме?


fifa.com

Кейінгі уақытта спорт сарапшылары мен жанкүйерлер арасында Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағының (FIFA) уақыт ережесіне қатысты түрлі қауесеттер тарауда. Соның бірі – "таза уақыт" қағидасы. Бұл қағида бойынша тәжірибе жұмыстарын жүргізіп те келеді. 2021 жылы Нидерланд және Германиядағы жасөспірімдер командалары арасында таза 30 минуттық ойыннан өткізіп те көрген. Оған қоса жақын арада Нидерландтың төменгі лигаларын осы ереже бойынша ұйымдастыру да жоспарлануда.

2022 жылдың мамыр айында төреші Марк Клаттенбург осы ереже жайлы айта кеткен де болатын. Ағылшын маманы FIFA-ның төрешілер комитеті басшысы Пьерлиуджи Коллина Халықаралық футбол ассоциациясы кеңесімен (IFAB) бірлесе осы өзгерісті жасағысы келетінін ескерткен. Тіпті жазда FIFA басшысы Джанни Инфантиноның өзі де бұл жайында тұспалдап айтқан-ды.


croatiaweek.com

FIFA-ның әлем чемпионатына енгізген өзгерістерін әркім әрқилы қабылдауда. Көбіне ұнап жатқаны шамалы. Мұны ескере ұйым хоккейдегідей "таза уақыт" қағидасын алға тартуы бек мүмкін пікірде. Себебі қазір төрешілер белгілеп жатқан қосымша уақытқа телеарналар басшылығы разы емесі анық. Мұны комментатор Уалихан Қосанбай да айтады.

Уақыттың көп қосылуы телеарналар үшін тиімді емес. Олардың эфирі жоспар бойынша өтеді. Алпауыт арналарда әр минут пен секунд санаулы. Сондықтан олардың жұмыс кестесіне айтарлықтай кедергі келтіріп жатқаны анық, - дейді комментатор.

 FIFA-ның тағы не ойлағаны бар?


fifa.com

Жаңа өзгерістер жайлы қисынды да, қисынсыз да пікірлер айтыла бастады. Кей жанкүйерлер уақыттың көп қосылуын ұйымға демеушілерінен көбірек қаржы түседі деп топшылайды. Эфирде ойын ұзағырақ болса, компаниялармен келісімшарты да қымбаттай түседі деген пікірде.

Жанкүйерлер мен сарапшылардың тағы бір тобы – уақыттың ұзаруы букмекерлер үшін тиімді жол деген ойда. Одақ осыған дейін букмекерлерден іргесін аулақ ұстап келген. Ал жақында ғана грек басылымдары Kaizen Gaming компаниясымен Betano мен Stoiximan – басты брендтері) келісімге келгені жайлы хабарлады. Ал 2026 жылы ірі ойын компанияларымен келісімге келуі мүмкін деген де болжамдар айтыла бастады. Десе де FIFA 2026 жылғы жарыс көрсетілімдері құқығы жайлы көп компаниялармен келісіп үлгерген. Бұл қарсы аргумент бола алады.

Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағына (FIFA) жаңа өзгерістерге қатысты сұрақтар көп қойылып-ақ жатыр. Жақын күндері одақ өкілдері ресми жауап айтар... немесе жанкүйерлердің болжамы сан-саққа сабылғаны сабылған.

Ө. Сансызбай