Қақпашы қызыл қағаз алды. Иран футболшылары соңғы үш минутта 2 гол соқты

Қақпашы қызыл қағаз алды. Иран футболшылары соңғы үш минутта 2 гол соқты
Фото: Reuters

Футболдан әлем чемпионатының екінші турын В тобындағы Уэльс пен Иран матчі ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірінші турда Уэльс АҚШ-пен тең түссе, Иран Англиядан 2:6 есебімен жеңіліп қалған болатын. 

Ал 2-тур матчінде Иран футболшылары 16-минутта есеп ашқан. Бірақ Әли Голизаде офсайдта қалып, гол есепке алынбады.

Кейін Иран футболшылары бір шабуылда допты екі рет бағанаға тигізді - бірақ гол соға алмады.

Еуропалық құрама қарсыласқа мардымды жауап бере алмады, ирандықтар шабуылда өткір ойнады. Кездесудің 86-минутында Уейн Хеннесси ойын тәртібін бұзғаны үшін алаңнан қуылып, Уэльс құрамасы 10 ойыншымен қалды. Бұл биылғы әлем чемпионатындағы алғашқы қызыл қағаз болды.

Соған қарамастан, Иран футболшылары қанша шабуылдағанымен гол соға алмады. Ал шешуші сәт 99-минутта болды. Қорғаушы Рузбех Чешми ойын соңында гол соғып, Иранды алға шығарды.

Ал 101-минутта ирандықтар жылдам шабуыл жасап, екінші голын соқты. Қарымта шабуыл кезінде Рамин Резаян матч нүктесін қойды - 2:0. 

Осы кездесуден соң екі команданың да плэй-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі сақтаулы. Иранда үш, Уэльсте бір ұпай бар.

В тобының шешуші ойындары 29 қарашада өтеді. Уэльс пен Англия, Иран мен АҚШ құрамалары күш сынасады.

Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына байланысты болжам бәйге өткізіп жатыр. Бас жүлде - iXXi Extreme планшеті! Болжам бәйгенің ережесін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш