Кім топтан шыға алмайды? Бүгін әлем чемпионатының 2-туры басталады

Кім топтан шыға алмайды? Бүгін әлем чемпионатының 2-туры басталады
Фото: Reuters

Бүгін футболдан Катардағы әлем чемпионатының 2-туры басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ойын күнін B тобындағы Уэльс - Иран матчі ашады. Матч елорда уақытымен 16:00-де басталады. 

1958 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатына қатысып жатқан Уэльстің жағдайы мәз емес. Команда алты матч бойы жеңіске жете алмай келе жатыр. Әлем чемпионатының алғашқы турында АҚШ құрамасымен тең тарқасты - 1:1.

Уэльс футболшылары топтан шыққысы келсе, бүгін Иранды қалай да жеңуі керек. Сол кезде соңғы турда Англияға қарсы шешуші матч болады. 


Фото: Reuters

Ал Иран бірінші турда Англиядан 2:6 есебімен жеңіліп қалған. Бұл - ирандық команданың әлем чемпионатындағы ең ірі жеңілісі. Ирандықтарға әлем чемпионатына қатысу психологиялық тұрғыда қиындау сияқты. Себебі Иранда қазір митинг әлі жалғасып жатыр, ал бірінші турда футболшылар ел билігіне наразылығын білдіру мақсатында әнұран орындаудан бас тартқан.


Фото: Reuters

Иран - әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсететін құрама. Мундиаль тарихында 16 матчтің екеуінде ғана жеңген. Бүгін Иран жеңіліп қалса, топтан шығу мүмкіндігінен айырылды дей беруге болады. 

Ал 19:00-де турнир қожайыны Катар әлем чемпионатының А тобындағы екінші матчін өткізеді. Қарсыласы Сенегал құрамасы болады. Екі құрама да бірінші турда 0:2 есебімен жеңілген. Катар турнирдің ашылу матчінде Эквадорға жол берген еді. 

Катар турнир қожайыны ретінде ашылу матчінде жеңіліп қалған алғашқы құрама атанды. Енді Феликс Санчес шәкірттері өз жанкүйерлерін екінші ойында жеңіспен қуантуға тырысады.


Фото: Reuters

Сенегал құрамасы болса, бірінші турда топ фавориті Нидерландтан ұпай жырып алуға жақын болған. Бірақ еуропалық құрама матч соңына қарай екі гол соғып, жеңісті жұлып әкеткен.

Сенегалдың басты жұлдызы Садио Мане жарақатына байланысты турнирге қатысып жатқан жоқ. Соған қарамастан, Сенегал топтан шығу мүмкіндігін сақтап қалғысы келсе, бүгін Катарды жеңуге міндетті. Бұл матчте жеңілген команда әлем чемпионатымен қоштаса беруіне болады.


Фото: Reuters

А тобындағы екінші ойын 22:00-де бастау алады. Бірінші турда үш ұпай еншілеген Нидерланд пен Эквадор құрамалары кездеседі. Нидерланд - А тобының фавориті. Бас бапкер Луи ван Гал бірінші турдағы жеңістен кейін өз командасын сынға алған. Себебі нидерландтық футболшылар 84-минутқа дейін Сенегал қақпасына гол соға алмаған еді. 

Енді бүгін жеңіске жетсе, нидерландтықтар плэй-офф кезеңіне дайындала беруіне болады. Дегенмен, эквадорлық футболшылар мұнымен келіспейтін шығар. Бұл команда ашылу матчінде турнир қожайынын жеңген алғашқы құрама ретінде тарихта қалды.


Фото: Reuters

Эквадордың Нидерландқа қарсы жолы болмапты. Құрамалар екі рет кездесіп, бірінде еуропалық ұжым жеңсе, тағы бір ойын тең аяқталған. Дегенмен, үш ұпайы бар Эквадор топтан шығу үшін бар күшін салады. Себебі бұл құрама өз тарихында бір мәрте ғана плэй-офф кезеңіне шығып көрген. Енді Густаво Альваро шәкірттері сол жетістігін қайталауға тырысады.


Фото: Reuters

Бұл үш матчті де Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Ойын күнін түнгі 01:00-де B тобындағы Англия - АҚШ матчі аяқтайды. Ағылшындар мундиальді сәтті бастады. Иранды 6:2 есебімен тас-талқан етіп, әлем чемпионаты тарихында өзінің ең ірі жеңісіне қол жеткізген. 

Бұл кездесуден кейін бас бапкер Гарет Саутгейт екі гол жіберген шәкірттеріне ескерту жасаған. Себебі "үш арыстандар" кейінгі төрт матчінде міндетті түрде гол жіберіп жүр.


Фото: Reuters

Ал АҚШ құрамасы бірінші турда Уэльске қарсы матчтің бірінші таймын өте жоғары деңгейде бастап, есепте алға шыққан. Дегенмен екінші таймда қарқынын бәсеңдетіп, гол жіберіп қойған еді. 


Фото: Reuters

Жалпы, АҚШ пен Англия 12 рет кездескен. Оның сегізінде ағылшындар басым түскен, 1964 жылы жолдастық матчта Англия америкалықтарды 10:0 есебімен тас-талқан еткен. Кейінгі рет командалар 2018 жылы жолдастық матчте кездесіп, ағылшындар 3:0 есебімен жеңген.

Ойынды Qazaqstan мен Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш