2022 жылғы әлем чемпионатында алғаш рет есеп ашылмады

2022 жылғы әлем чемпионатында алғаш рет есеп ашылмады
Фото: Reuters

Футболдан әлем чемпионатының D тобында Дания мен Тунис кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ойын "Эдьюкейшн сити" стадионында өтті. Бұл кездесуде даниялық футболшылар фаворит саналған. Бірақ Тунис ойыншылары басымдық танытты. Африкалық құрама үзіліске дейін Дания қақпасына 7 соққы жасап тастады, оған еуропалық ұжым екі соққымен ғана жауап берді. Дегенмен командалар есеп аша алмады.

Екінші таймда Дания көбірек шабуылдады. Бірақ қауіпті соққылар аз болды. Жалпы, матч бойы екі команда бірігіп жүріп қақпаға дәл 3 соққы ғана жасаған. 90 минут қорытындысы бойынша таблодағы көрсеткіш өзгермеді - 0:0.

Осылайша, бұл Катардағы әлем чемпионатында есеп ашылмаған алғашқы матч болды. 

Енді Дания келесі матчін 26 қарашада Францияға қарсы өткізеді. Ал Тунис құрамасы сол күні Аустралиямен күш сынасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш