Катардағы ӘЧ-2022: мундиальда алғаш рет жеңімпаз анықталмады

Катардағы ӘЧ-2022: мундиальда алғаш рет жеңімпаз анықталмады
Фото: Reuters

Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатында АҚШ пен Уэльс құрамалары тең тарқасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Катардағы мундиальда алғаш рет тең есеп тіркелді. АҚШ пен Уэльс В тобы аясында "Ахмад Бин Әли" стадионында күш сынасты. 

Ойынның 36-минутында Кристиан Пулишичтің пасынан кейін Тимоти Веа қақпашымен бірге-бір шығып, жақын бұрышты дәл көздеді. 

Уэльс құрамасы 82-минутта есепті пенальтиден теңестіре алды. Гарет Бэйлге қарсы ойын тәртібі бұзылған, Уэльс капитаны нүктеге өзі келіп, жойқын соққы жасады - 1:1.

Осы ойыннан кейін АҚШ пен Уэльс В тобында 2-3-орындарды бөлісіп тұр. Үш ұпайы бар Англия көш басында, ал Иран құрамасы соңғы орында келеді.

Америкалықтар келесі матчін 25 қарашада Англияға қарсы өткізеді. Сол күні Иран мен Уэльс күш сынасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш