ӘЧ-2022: Уэльс құрамасы 64 жылдан бері алғаш рет мундиальда ойнайды

ӘЧ-2022: Уэльс құрамасы 64 жылдан бері алғаш рет мундиальда ойнайды
Фото: Reuters

Бүгін Катардағы әлем чемпионатының үш матчі өтеді. А және В тобының құрамалары жарыс жолына шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорда уақытымен 19:00-де В тобындағы Англия - Иран матчі басталады. Transfermarkt статистикасына сүйенсек, Англия құрамы бойынша әлем чемпионатындағы ең қымбат команда саналады.


Фото: Reuters

Англия мен Иран бұрын ешқашан кездесіп көрмеген. 

Ағылшындардың қазіргі статистикасы нашарлау, команда қатарынан 6 матч бойы жеңе алмай келе жатыр. Иран құрамасы, керісінше, кейінгі ресми 14 матчының 12-сінде жеңіске жеткен.

Бұл ойынды Qazaqstan мен Qazsport телеарналары көрсетеді.

Ал 22:00-де Сенегал - Нидерланд кездесуі болады. А тобындағы матчтер кеше басталған. Турнирдің ашылу матчінде Эквадор Катар құрамасын жеңген еді.

Сенегал құрамасы сапында басты жұлдыз Садио Мане жарақатына байланысты бұл турнирге қатыспайды. Ал нидерландықтар қазір бабында. 2021 жылдың қыркүйегінен бері жеңілмей келе жатыр - содан бері 11 рет жеңіп, төрт мәрте тең түскен.


Фото: Reuters

Сенегал мен Нилерланд бір-бірімен ешқашан кездесіп көрмеген. Құрамалардың алғашқы ойынын тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді.

Түнгі 01:00-де АҚШ пен Уэльс арасындағы ойын бастау алады. Бұл - В тобындағы кездесу. Құрамалар бұған дейін екі рет кездескен. Екеуі де жолдастық матч. 2003 жылы АҚШ 2:0 есебімен жеңсе, 2020 жылы Суонсиде командалар есеп аша алмаған.


Фото: Reuters

Уэльс әлем чемпионатына кейінгі рет 1958 жылы қатысқан. Ал АҚШ құрамасы бұл тұрғыда тәжірибелі - мундиальға 10 рет барды. Әлем чемпионатындағы үздік нәтижесі - 1930 жылғы "қола медаль".

Матчті Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына орай болжам бәйге ұйымдастырып жатыр. Оның ережесін мына сілтемеден оқи аласыздар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш