Футбол королі Пеле 1000-голын соққан күн

Футбол королі Пеле 1000-голын соққан күн

1969 жылдың 19 қарашасы Бразилия футболының тарихына енді. Атақты «Маракана» стадионында «Сантос» пен «Васко да Гама» кездесуінде Пеле өзінің 1000-шы голын соғады.

Осыған орай Бразилияның байланыс министрі пошта маркасын шығарады. Бұл жеке футболшының жетістігіне байланысты шығарылған тарихтағы алғашқы пошта маркасы болды. Бразилия халқы әлі күнге дейін 19 қарашаны «Пеле күні» ретінде тойлайды.

Осыдан жарты ғасыр, нақтырақ айтсақ, 53 жыл бұрын болған тарихи оқиға әлі күнге дейін ұмыт болған жоқ.

Сыншылардың айтуынша, Пеле ойынының осал тұсы жоқ еді. Эдсон үнемі өзінің күшіне сеніп, өзін ғана көрсетуге тырыспайтын нағыз ұтымды ұйымдастырушы қабілетімен танылған, стратег ойыншы. Ол алаңды сезініп, ойынды оқи алатын қасиетімен ерекшеленді. "Әркім өз үлесін қоспаса ойын алға баспайды, – дейді Пеле. – Футбол – бір-екі жұлдызды ойыншылар емес, бұл – команда, ұжым ".

Оның пастарының дәлдігінен стадион толы жанкүйерлердің шулаған дыбысы бір сәт тына қалатын. Ал, әр дриблингінің қарапайымдығы мен көркемдігі еріксіз ауыз аштыратын. Футбол сүйер қауым: "Пеленің аяқпен допты игергені, қолымен қасық ұстағанынан ептілеу!" – деп қалжыңдайтын. Ол ойынға жаңа тыныс, жаңа леп алып келді, өйткені оның жасайтыны бұрын-соңды фантастикадай, адам сенгісіз көрінетін.

Пеленің көптеген голдары футболдың аңызына айналды,  мысалы, 1961 жылы "Маракана" стадионында "Флуминенске" соққан голы. Ол өз жағының айып алаңынан қарсыластардың қақпасына дейін барлық ойыншыларды алдап өтіп гол соқты – бұл әлем тарихында "Ғасыр голы" деген атаққа ие болды. Соның құрметіне "Маракана" стадионында ескерткіш белгі орнатылған.

Алаңдағы еркіндік пен әр қимылдың қарапайымдылығының астында тынымсыз еңбек пен төгілген тер жатты. Жаратушы қабілет пен дарынды үйіп-төгіп берсе де, футбол королі шыңдалуын тоқтатқан емес. Темірдей тәртіп пен жоспарлы жаттығу нәтижесінде жүгіру қабілеті нағыз жеңіл атлеттей, секірудегі мықтылығы сол бағыттың кәсіби спортшысындай деңгейге жеткен.

Өзіне тән дриблинг әдісіндегі дәстүрлі емес әрекеттерімен кімді болмасын таңдай қақтырғанымен қатар, қорғаныс шеберлерінің өзін састыратын. Пеленің қатысуымен болған ойындардан видео естеліктер аз қалса да, өз көзімен көрген куәгерлер айтуынша ол қақпашыдан басқа барлық позицияда шебер ойнай білген.

Осы тәжірибесімен Пеле 1958 жылы Швециядағы Әлем чемпионатына аттанды. Уэльспен болған ширек финалға дейін гол соғу бұйырмаса да, жаһан назарын өзіне аударта білді. Сәттіліктің жүйрігін ерттеп мінген футбол шабандозы француздармен болған жартылай финалда хет-трик соғып, турнир иелерімен болған финалда дубль жасады. Бұл Пеле Бразилияны алғаш рет чемпион атандырған сәт болатын!

Ол 1962 және 1966 жылдары өткен чемпионаттарға жарақатынан алаңға шыға алмады. 1970 жылы болған турнирде (Пеленің спорттық мансабында 4-ші) триумф жасады – сол кездегі Бразилия құрамасының құрамы ең мықтылардың бірегейі ретінде есте қалды. Бразилиялық футболшылар Жюль Римэның жүлдесіне үшінші рет қол жеткізіп, оны өз қоржындарына мәңгі сақтауға мүмкіндік алды. Пеле Мексикадағы құрамалық жеңістен кейін футбол тарихында үш рет әлем чемпионы атағын алған жалғыз футболшы ретінде аты қалды. Сондай-ақ осы ойында Әлем Чемпионаттарының қорытынды турнирлеріндегі Бразилия құрамасының 100-ші голын соққан болатын. Өзі бұл ойындарда 14 матч өткізіп 12 гол салған.  

Құрама сапында көрсеткен 92 матчта 77 гол соққан бірегей нәтижені жаңартуға әлі күнге дейін ешкімнің қауқары келмеді. Пеле "Сантостан" кейін бірнеше жыл  NASL чемпионатында "Космос" құрамында өнер көрсетті. 1977 жылы 1 қазанда  футбол королі – Пеле сүйікті командасы "Сантос" үшін соңғы қорытынды кездесуінде ойнаған болатын.  

Жалпы, Пеле соққан 1289 гол ішінен, 92 хет-трик, 30 покер (1 матчта 4 гол) болса, 6 ойында 5 гол, тіпті, "Ботафого" командасына қарсы бір ойында 8 рет доп соққан.

Пеле Еуропада өнер көрсетпесе де оның танымалдығы Жер шарындағы адамдар санының 93% құрайтынын шын мәнісінде таң қаларлық құбылыс. Мұндай даңк Пелеге дейін де, одан кейін де бірде бір спортшының бағына бұйырмаған.

Бір қызығы, қазақтың беткеұстар әншісі Мейрамбек Бесбаев “АЙНА”  бағдарламасына берген сұқбатында Пелені өз көзімен көргені туралы айтқан болатын.

А. Оралқызы