"Титулын поштамен алды". Бокс әлемі Жәнібек Әлімханұлының жеңісі туралы не деп жатыр?

"Титулын поштамен алды". Бокс әлемі Жәнібек Әлімханұлының жеңісі туралы не деп жатыр?
Фото: ©instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы кеше орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын қорғап қалды. Ол Лас-Вегаста ұлыбританиялық Дензел Бентлиді төрешілер шешімімен жеңді. Қазақстандық боксшы алғаш рет 12 раунд бойы жұдырықтасты. Massaget.kz тілшісі бокс сарапшыларының жекпе-жек туралы пікірін жинады.

"Титулын поштамен алды"

Екі салмақ дәрежесінде бұрынғы чемпион, қазір комментатор Тимоти Брэдлидің пікірінше, чемпиондар Жәнібекпен қазір кездесіп тастамаса, болашақта қазақстандық боксшы мықтырақ бола түседі.

"Жәнібек чемпион, бірақ белбеу оған табысталды. Титул үшін жұдырықтаспады. Тек чемпион атағына көтере салды. Титулын поштамен алды.

Барлық чемпион мен үміткер онымен жекпе-жек өткізуі керек. Оны бұрын жеңіп тастауы керек еді, өйткені ол енді мықтырақ бола түседі. Ол үлкен жекпе-жектерді қалайды. (...) Бұл боксшыға жай қарай салуға болмайды. Жәнібек дивизиондағы қауіпті боксшы деп санаймын. Оның машығы керемет, соққысы мығым. Бүгін соны көрсеткен жоқ, бірақ сіздерге айтайын: темірді темір ұштайды. Ол бүгінгі кездесуден соң мықты бола түседі, қарсыласы мықты болса, оның да боксы жақсарады", - деді Тимоти Брэдли.


©instagram.com/janibek_alimkhanuly

"Бентлиге төтеп бере алмады"

Las Vegas Review-Journal басылымының шолушысы Сэм Гордон бұл жекпе-жекте Бентлидің стилін мақтады.

"Әлімханұлы өз ырғағын тапқан Бентлиге төтеп бере алмады. Жақын өткен раунд көп болды. Әлімханұлының күш-қуаты Бентлиге қиындық тудырмады. Бентли жарады, жекпе-жекті баяу бастағанымен, кейін сабырға келіп, Әлімханұлының корпусынан жиі соққы жасап, ырғағын бұзды. Әлімханұлының жекпе-жекті ерте аяқтауға мүмкіндігі бар деп ойладым. Оның орнына ол карьерасында алғаш рет он екі раунд жұдырықтасты", - деп жазды Гордон Twitter-де.


©Erik Verduzco / Las Vegas Review-Journal

"Чемпиондарға шынымен дайын ба?"

The Ring журналисі Дуглас Фишер болса, Жәнібек Әлімханұлының кез келген чемпионмен шығуға дайынмын деген мәлімдемесіне күмәндана бастаған.

"Жекпе-жектен кейін Әлімханұлы "Мен кез келген чемпионмен, кез келген жекпе-жекке дайынмын" деді. Ол шынымен дайын ба? Ол The Ring рейтингінде одан озып тұрған орта салмақтағы боксшылармен (Геннадий Головкин, Джермалл Чарло, Деметриус Андраде және Хайме Мунгуиа) немесе тіпті кіші Крис Юбэнк және Карлос Адамес сияқты рейтингі төмен қарсыластармен жекпе-жек өткізуге дайын ба", - деп сұрақ қойды Фишер.


©Top Rank/Mikey Williams

"Жәнібектің қорғанысы күмәнді"

Бокс туралы подкастарымен танымал Малачи Уильямс басқа да чемпиондарға Жәнібек Әлімханұлымен дәл қазір жұдырықтасуға кеңес берді.

"Джермалл Чарло мен Хайме Мунгуияның орнында болсам, Жәнібек сауығып кетпей тұрып, дәл қазір жекпе-жекке шығу үшін барымды салар едім. Иегіңіз мықты болса, оны жеңуге болады. Жәнібектің шабуылын болжауға болады. Ал оның қорғанысы күмәнді", - деді ол.


©instagram.com/janibek_alimkhanuly

"Бентли тәуекелге барды"

Жәнібек Әлімханұлының бапкері Джеймс "Бадди" Макгирт қазақстандық боксшы дивизион көшбасшыларымен жұдырықтасуға дайын екенін айтты.

"Тыңдаңыздаршы, ол әлі әлем чемпионы, мен оны әлі күнге дейін орта салмақтағы ең үздік боксшы деп санаймын. Бентли жекпе-жекке жақсы дайындықпен шықты. Жәнібекке жекпе-жек алдында Бентлиге жоғалтатын ештеңе жоқ, ол тәуекелге барады дедім. Әлімханұлы өз титулын қорғап қалу үшін қажет нәрсені істеді", - деп келтірді The Ring "Баддидің" сөзін.


©twitter.com/qazaqstyle

Боксшылар не дейді?

Дензел Бентли титулды айқаста Жәнібек Әлімханұлынан жеңілгеннен кейін мәлімдеме жасады.

"Сайтан алғыр! Не айта аламын?! Мен ол жерге шығып, бар күшімді салып айқастым және жеңіске жақын болдым... Мен чемпион болмақпын, сондықтан бұл мен үшін аса жақсы емес. Спортзалға оралып, мен өзімді күшейтемін және арманымды жүзеге асырамын. Осы кезеңде көрсеткен барлық қолдау үшін алғыс айтамын. Отбасым мен командама да қолдау үшін алғыс білдіремін. Мен чемпион боламын!", - деп жазыпты Бентли Instagram желісінде.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Denzel Bentley (@2sharp_d)

Ал Әлімханұлы бұл айқасқа дейін қарсыласын нокаутқа түсіруге уәде берген еді. Қазақстандық боксшы жекпе-жектен кейін осыған байланысты жауабын берді. 

"Алдымен жанкүйерлердің бәріне алғыс айтқым келеді. Бұл бокс. Мұндай айқастарға боксшылар 100 пайыз дайындалып шығады. Бұл менің бірінші 12 раундым. Алда жақсылап дайындалып, бұдан да жақсы өнер көрсетеміз", - деді Жәнібек рингте тұрып. 

Сонымен қатар, "Қазақ стилі" келесі кездесуін кез келген чемпионға қарсы өткізуге дайын екенін атап өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш