Бесеуі - өзбекстандық. Қазақ боксшыларының финалдағы қарсыластары кім?

Бесеуі - өзбекстандық. Қазақ боксшыларының финалдағы қарсыластары кім?
Фото: ©ҚБФ

Қазақстандық тоғыз боксшы Аммандағы Азия чемпионатының финалында жұдырықтасады. Қазақстан финалға ең көп жолдама алған ел атанды. Massaget.kz тілшісі қазақстандық боксшылардың финалдағы қарсыластары кім екенін баяндайды.

Кеше Иорданияда Азия чемпионатының ерлер арасындағы жартылай финалы өтті. Бұл кезеңге дейін 12 боксшымыз жеткен. 

Жартылай финалда Қазақстан құрамасынан бірінші болып 48 келідегі Санжар Тәшкенбай шықты. Ол үндістандық Кумар Сахани Говиндті жеңді. Енді 19 жастағы боксшы финалда жапониялық құрдасы Казума Аратакемен жұдырықтасады.

57 келіде өнер көрсететін Серік Теміржанов жартылай финалда үндістандық Мохаммад Хуссамуддинмен кездесуі керек еді, алайда қазақстандық боксшының қарсыласы турнирді жалғастырудан бас тартты. Теміржанов енді финалда өзбекстандық Абдумалик Халоковпен жұдырықтасады. 22 жастағы Халоков - 2021 жылы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, былтырғы Азия чемпионатында қола медаль иеленген.


Серік Теміржанов. ©ҚБФ

54 келідегі Сабырхан Махмұд өзбекстандық Шахзод Музафаровты 5:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Енді ол алтын медальді филиппиндік Карло Пааламмен сарапқа салады. Паалам былтыр Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған, сонымен қатар 2018 жылы Азия ойындарының қола медалін жеңіп алған.


Сабырхан Махмұд. ©AIBA

Дулат Бекбауовқа (67 келі) жартылай финалдағы жекпе-жек қиынға соқты. Ол өзбек боксшысы Асадхужи Мудинхуджаевпен жұдырықтасқан. Бекбауов оны 3:2 есебімен жеңді. Енді таиландтық Бунжонг Синсиримен қолғап түйістіреді. Синсири былтыр Оңтүстік-Шығыс Азия ойындарының чемпионы болған. 

75 келіде өнер көрсететін Нұрқанат Райыс жартылай финалда ирандық Мусави Сейедшахинді жеңді. Ал финалда өзбекстандық Саиджамшид Жафаровпен жұдырықтасады. Жафаров - былтыр Азия чемпионы болған, ал 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен.

92 келіден жоғары салмақта шығатын Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда ирандық Мухаммад Аброридиновті 5:0 есебімен сенімді жеңді. Финалда Қамшыбек өзбекстандық Лазизбек Муллажоновпен кездеседі. Лазизбек - әскерилер арасында әлем чемпионы, 2021 жылы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен. Былтыр кәсіпқой карьерасын бастап, екі қарсыласын нокаутпен жеңген.


Қамшыбек Қоңқабаев. ©Olympic.kz

51 келіге дейінгі салмақта Сәкен Бибосынов әлем чемпионы, жапониялық Томоя Цубоиды айқын басымдықпен жеңіп, финалға шықты. Шешуші айқаста ол өзбекстандық танымал боксшы Хасанбой Дусматовпен жұдырықтасады.

Дусматов - Рио Олимпиадасының чемпионы. Екі рет Азия чемпионатында топ жарған. Кәсіпқой бокста бес жекпе-жегін де нокаутпен аяқтаған. Бибосынов бұл боксшыны былтыр әлем чемпионатының 1/16 финалында жеңген болатын.


Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов. ©AIBA

Асланбек Шымбергенов (71 келі) болса, моңғолиялық Отгонбатар Биамбуды үшінші раундта нокдаунға түсіріп, сенімді жеңді. Ал финалда оны ринг қожайыны Зеяд Ишаиш күтіп тұр. Ишаиштің ең үлкен жетістігі - 2018 жылы Азия ойындарының қола жүлдесі, ал 2019 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына шыққан.

92 келіге дейінгі салмақта Айбек Оралбай Қазақстанның тоғызыншы финалисі атанды. Ол ирандық Туфан Шарифиді жеңді. Финалдағы қарсыласы өзбекстандық Мадияр Сайдрахимов болады. Мадияр - этникалық қазақ, ол былтыр әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.


Айбек Оралбай. ©AIBА

Жартылай финалда үш боксшымыз да иорданиялық қарсыласынан жеңіліп қалды. Саматәлі Төлтаев (60 келі) ринг қожайыны Әбу Джадже Мухаммедке есе жіберді. Сағындық Тоғанбай да иорданиялық боксшыға жол берді - Рияд Адельхиндави Одаидан 0:5 есебімен жеңілді. 80 келідегі Нұрбек Оралбай ринг қожайыны Хусейн Эйшайшиашайштан жеңіліп қалды. Үшеуі де Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Аммандағы додаға ерлер құрамасынан 13 боксшымыз барған, оның 12-сі жүлдемен оралады. Тек Санатәлі Төлтаев биыл құрлық жарысында медаль иелене алмады.

Қазақстандықтар 13 түрлі салмақ финалдарының тоғызында өз боксшымызға жанкүйер бола алады. Өзбекстаннан 7, Иорданиядан 4 боксшы финалға шықты. Бес финалда қазақ пен өзбек боксшылары қолғап түйістіреді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш