14 медаль бар. Қазақ боксшыларының Азиядағы қарымы қандай?

14 медаль бар. Қазақ боксшыларының Азиядағы қарымы қандай?
Фото: Reuters

Бокстан Азия чемпионатының ширек финалдағы жекпе-жектері өтіп жатыр. Қазақстандық бірнеше боксшы жартылай финалға өтіп, медальға қол жеткізіп қойды. Massaget.kz тілшісі Азия чемпионаты қалай өтіп жатқанын баяндайды.

Бүгінде дейін Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасынан 14 боксшы жартылай финалға жолдама алып қойды. Жалпы, Иорданияның Амман қаласындағы турнирге ерлер құрамасынан 13, әйелдер құрамасынан 12 боксшы аттанған.

Алты боксшымыз жартылай финалда

Ширек финал жекпе-жектері 5 қарашада басталды. Ерлер құрамасынан алғаш болып 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жатқан, әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов шаршы алаңға шықты. Ол ширек финалда малайзиялық Гайюм Ариффинді жеңді. Енді Сәкен жартылай финалда 2021 жылғы әлем чемпионы жапониялық Томоя Цубоимен жұдырықтасады.


Сәкен Бибосынов. ©instagram.com/boxingkazakhstan

Ал кеше 54 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сабырхан Махмұд моңғолиялық Ганболд Доржнямбуудан басым түсті. Енді финалға берілер жолдаманы өзбекстандық Шахзод Музафаровпен сарапқа салады.

Әлемнің вице-чемпионы, 57 келідегі Серік Теміржанов та жартылай финалға жолдама алды. Ол иорданиялық Юсеф Яшашты жеңді. Енді үндістандық Мохаммад Хуссамуддинпен жұдырықтасады.


Серік Теміржанов. ©olympic.kz

Жастар арасындағы Азия чемпионы, 60 келіде жұдырықтасатын Саматәлі Төлтаев қырғыз боксшысы Мирзохид Имамназаровты еліне қайтарды. Енді ол жартылай финалда ринг қожайыны Әбу Джадже Мұхаммедпен жұдырықтасады.

Жастар арасында әлем жəне Азия чемпионы, 48 келідегі Санжар Тәшкенбай да қырғыз боксшысынан басым түсті - ол Мирлан Туркбайуулуны жарыс жолынан шығарды. Алғашқы кезеңде өзбекстандық Асылбек Жалиловті жеңген болатын. Енді жартылай финалда үндістандық Кумар Сахани Говиндпен кездеседі. 

67 келіде сынға түсіп жатқан, Қазақстан чемпионы Дулат Бекбауов та қырғызстандық боксшымен қолғап түйістірді. Ол Жакшылык Талайбековті қапы қалдырды. Жартылай финалда өзбекстандық Асадхужа Мудинхуджаевпен жұдырықтасады.


Дулат Бекбауов

Осылайша, қазіргі уақытта алты боксшымыз жартылай финалға шығып, медаль иеленіп отыр. Ширек финалда алда әлі алты боксшымыз жекпе-жекке шығады - Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындық Тоғанбай (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг).

Құрамамызда бір ғана боксшы жарыс жолынан шығып қалған - Санатәлі Төлтаев 1/8 финалда өзбекстандық қарсыласына есе жіберген болатын.

Бірнеше медаль қоржында

Әйелдер арасындағы жарыста да бірнеше медальға ие болып қойдық. Ширек финалда алғаш болып жастар арасында әлемнің вице-чемпионы, 52 келідегі Жазира Орақбаева жұдырықтасты. Ол Оңтүстік Корея өкілі Ким Чхэвонды жеңді. Енді жартылай финалда жапониялық Ринка Киношитамен кездеседі.

Азия ойындарының финалисі, әлем чемпионатының қола жүлдегері Жайна Шекербекова (54 келі) жапониялық Нарита Хананы жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жайнаның келесі қарсыласы тайваньдық Хуан Сяовэнь болады.


Жайна Шекербекова. Фото ontustiktv.kz сайтынан

Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 57 келідегі Карина Ибрагимова болса, Оңтүстік Корея боксшысы Им Э-джиден басым түсті. Ол жартылай финалда филиппиндік Нести Петесиомен жұдырықтасады.

Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова (70 келі) ширек финалда үндістандық Пуджаны жеңді. Енді Дариға Тайбэй боксшысы Чэнь Ниэнь-чиньмен кездеседі.


Дариға Шәкімова. Фото: ©Reuters

Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Балқыбекова (48 келі) таиландтық Йодвари Ципсатчаны жеңді.

Қазақстан әйелдер құрамасынан алғаш болып жарыс жолын Аида Әбікеева (63 келі) аяқтады. Ол жапон Кито Маидан жеңіліп қалды. Артынша Валентина Хальзова (75 келі) үндістандық Ловлина Боргохаинге жол берді. Ал Римма Волосенко (60 келі) моңғолиялық Номин-Эрден Тугсжаргалды екі рет нокдаунға түсірсе де, төрешілер жеңісті қарсыласына беріп жіберді.

Енді бүгін ширек финалда соңғы болып екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы Назым Қызайбай (50 келі) рингке шығады. 


Назым Қызайбай. Фото: ҚБФ

Тағы үш боксшымыз жарысты бірден жартылай финалдан бастайды. Мадина Нұршаева (66 кг), Гүлсая Ержан (81 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) жеребе қорытындысы бойынша, тікелей жартылай финалға жолдама алған.

Осылайша, жартылай финалда 8 боксшымыз бар, бұл қатарға әлі Назым Қызайбай қосылуы мүмкін. 

7 қарашадағы жекпе-жектер кестесі

Күндізгі сессия. Астана уақытымен 16.00-де басталады

71 кг. Асланбек Шымбергенов - Сачин (Үндістан)
75 кг. Нұрқанат Райыс - Сағын Сатыбалды уулу (Қырғызстан)
80 кг. Нұрбек Оралбай - Джонгджо Веерапон (Таиланд)
50 кг. Назым Қызайбай - Мунгунсаран Балсан (Моңғолия)

Кешкі сессия. Астана уақытымен 21.00-де басталады

86 кг. Сағындық Тоғамбай - Навруз Джафоев (Тәжікстан)
92 кг. Айбек Оралбай - Навеен Кумар (Үндістан)
+92 кг. Қамшыбек Қоңқабаев - До Хьен Ким (Оңтүстік Корея)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш