ІІ Елизавета қай клубтың жанкүйері болған?

ІІ Елизавета қай клубтың жанкүйері болған?

Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета 96 жасында өмірден өтті. Оның тұлғасына қатысты көптеген жұмбақтың ішінде футболға қатысты жері де болды. Англия оның спортқа қаншалықты қызығатынын және қай клубтың жанкүйері екенін білу үшін көп уақыт пен күш жұмсады.

Жас патшайым өз билігін стадионға барудан бастады, бұл оған халықтың сеніміне кіруде көмектесті

1952 жылы 6 ақпанда король VI Георгий тромбоздан қайтыс болады. Екі күннен кейін оның 25 жастағы қызы таққа отырды.

Қарапайым халық жас патшайымды онша ұнатпайтын: ол көпшілікке өте аз көрініп (әкесі кезінде оның орнында көптеген шараларға қатысқанымен), тым формальды және өзінің айтуынша, адамдардан гөрі жылқыларды жақсы көретін.

Ол 1953 жылы 2 маусымда таққа ресми түрде отырды. Бірақ патшайым атану үшін 1,5 жылдай уақыт кетті. Осы уақыт ішінде патшайым мен оның қасындағы адамдар жаңа монархтың бейнесін жасаумен айналысты. Негізгі міндет Елизаветаны халыққа жақындату керек болды.

Бұған тәж кию рәсімінен тура бір ай бұрын өткен Англия кубогының финалы көмектесті. «Блэкпул» және «Болтон Уондерерс» клубтары Уэмблиде кездесті. 100 000 көрерменнің арасында Патшайым мен оның күйеуі Филипп те болды.

Елдің бас стадионына жиналған халықтан бөлек мыңдаған британдықтар финалды алғаш рет теледидардан тамашалады. Тәж кигізу рәсіміне дейін адамдар теледидарды жаппай сатып алу немесе жалға алуды бастаған болатын. Сондықтан үкімет футбол матчын теледидардан көрсетуді ұйғарды.

«Блэкпул» 4:3 есебімен жеңіске жетті. Жеңімпаздарға кубок пен құрмет төсбелгілерін ІІ Елизаветаның өзі тапсырды. Куәгерлердің айтуынша, патшайым ойыншылармен пікір алмасып, қол алысып, күлімсіреген сыпайы және мейірімді болған.

ІІ Елизавета футболға кезекті сенсациялық сапарын тек 13 жылдан кейін жасады. 1966 жылы Англияда әлем чемпионаты өтті. Бұл турнир ел үшін ғасырдағы басты оқиға және ұлттық құраманың үздік жетістігі еді. Патшайым оны жіберіп алмады. Ол екі матчқа – Уругвайға қарсы алғашқы матч және Англия мен Германия арасындағы финал ойынына (4:2) қатысты.

 Патшайым Англия капитаны Бобби Мурға әлем чемпионаты кубогын тапсырған сәті (1966)

Келесі отыз жыл әдеттегідей өтті: футболға баруға ешқандай елеулі себептер болмады. 1996 жылы Англияда Еуропа чемпионаты өтті. Алайда ұлттық құрама финалға өте алмай, патшайым бұл жолы бас жүлдені неміс ойыншыларына берді.

Кейінгі жылдары ІІ Елизавета маңызды ойыншыларды немесе жаттықтырушыларды рыцарь етіп, футбол жаңалықтарында көрінді. Бірақ ол стадиондарда жиі келмесе де, футбол әлемінде ерекше тақырыпқа айналды.

ІІ Елизавета жасырын түрде «Миллуоллдың» жанкүйері болған дейді. Әлде «Вест Хэм» бе?

Көп жылдар бойы журналистер: «футбол елінде патшайым футболды жақсы көруі керек емес пе?» деген сұрақ төңірегінде бас қатырды. «Патшайым белгілі бір клубтың жанкүйері, бірақ ол мұны ашық айта алмайды. Өйткені, кез келген фаворитизм ашық айтылса, реніш ретінде теріс қабылдануы мүмкін» деген де сыбыс тарады.

Сондықтан ІІ Елизавета түрлі қауесеттерге түсініктеме бермей, үндемеуді жөн көрді. The Sun басылымының хабарлауынша, патшайым жасырын түрде Лондонның ««Миллуолл» клубының матчтарына барған.

Басылымның мәліметінше, патшайым көлігінің артқы терезесінде «Бізді ешкім ұнатпайды, бірақ бізге бәрібір» деген жапсырма ілінген. Бұл цитата «Миллуолл» жанкүйерлерінің ұраны.

Кейінірек Daily Mirror бұл ақпаратты жоққа шығарып, әріптестерінің бәрін шатастырып, қате түсіндіргенін атап өтті.

Басылымның хабарлауынша, сарай қызметкерлерінің бірі «Миллуоллдың» жанкүйері, ал патшайым олардың бас қарсыласы «Вест Хэмнің» жанкүйері. ІІ Елизавета «Вест Хэммен» Англия кубогын және УЕФА Кубогының иегерлері кубогын (UEFA Cup Winners Cup) жеңіп алған бапкер Рон Гринвудты қатты құрметтеген. Ол Ронмен бірнеше рет кездесіп, оның қаншалықты білімді екеніне таң қалған.

Мүмкін «Арсенал»?

ІІ Елизаветаның белгілі бір клубтың жанкүйері екендігінің келесі дәлелі 2007 жылы пайда болды. Бұл жолы дәлел әлдеқайда салмақты еді.

«Арсенал» ақыры жаңа стадионның құрылысын аяқтады – ашылу салтанаты 2006 жылдың қазан айына жоспарланып және клубтың 120 жылдығына арналды. Шараға патшайым да шақырылды, бірақ ІІ Елизавета сырқатына байланысты келмеді. Оның орнына күйеуі Филип стадионды ашты.

Бірнеше айдан кейін «Арсенал» Букингем сарайына шақырылды.

Королева Елизавета II және Арсеналдың бас бапкері Арсен Венгер

Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға болды: патшайымның қабылдауына алғаш рет клубтың бүкіл командасы қатысты. Арсен Венгер, Тьерри Анри және бүкіл команда патшайым резиденциясында 40 минутын өткізді. Ол ойыншылармен сабырлы түрде сөйлесіп, сарай туралы әңгімелер айтып, Анридің жан-жақтылығын жоғары бағалаған.

Патшайым II Елизавета және Арсенал ойыншылары

Бұл жаңалық Англияда патшайымның «Арсенал» жанкүйері екенін білдереді деген сөздің таралуына себеп болды. Басылымдар тағы да сарай өкілдерінен түсініктеме сұрай бастады. The Sun мәліметінше, патшайым елу жылдан астам «Арсеналға» жанкүйер болған.

Патшайым баспасөзде мұндай хабарға түсініктеме бермеді.

«Глазго Рейнджерс» пе?

Шотландияның Глазго қаласы парламентінің депутаты Иайн Дэвидсон Букингем сарайын аралау кезінде «Рейнджерс» клубының суретіне кезіккен. Сурет ғимараттың жоғарғы қабаттарының бірінде, әдетте туристер бармайтын бөлігінде ілулі тұрған.

«Бұл суреттің нақты қай жылы түсірілгенін білмеймін. Бірақ "Рейнджерсті" мен киімінен және суреттің үстіндегі жазудан таныдым», - деген Дэвидсон.

Өкінішке қарай, ол суретті нақты кім ілгенін сұрамаған. Бұл Филип немесе патшайымның балаларының бірі болуы мүмкін. Бірақ «Рейнджерстің» жанкүйерлері бұл идеяны бірден қолға алып, өз командасын «Патшайым ұландары» деп атай бастаған.

Сүйікті клуб туралы көптеген сұрақтарға Букингем сарайының өкілі әдеттегідей қысқа да жұмбақ жауап берді: «патшайым билік кезінде ел кубогы мен әлем чемпионатының матчтарын тамашалайды. Ол міндетті түрде Англия құрамасын қолдайды. Қалғанын білудің қажеті жоқ».

Міне, осылай ІІ Елизабетаның қай клубқа жанкүйер екені жұмбақ күйінде қалды.

Т. Раушанұлы