Роналду: "Жас ойыншылар сын қабылдай алмайды"

Роналду: "Жас ойыншылар сын қабылдай алмайды"
Фото: Getty Images

"Манчестер Юнайтед" шабуылшысы Криштиану Роналду клубтағы қанағаттанарлықсыз нәтижелер мен өзгерістер аясында екі ірі БАҚ – Sky Sports және ESPN Brazil басылымдарына сұхбат берді. Сұхбат барысында 36 жастағы португал шабуылшысы Ральф Рангниктің қызметі, клубтағы ішкі атмосфера, АПЛ-дағы осы маусымдағы мақсаттары, Сульшер мен Карриктің клубтан кетуі туралы айтты. Массагет порталы Роналду сұқбатын қысқартып ұсынады.

© Getty Images

Рангниктің клубтағы қызметі туралы

Журналистер Роналдумен әңгімені Оле-Гуннар Сулшердің орнына келген уақытша жаттықтырушы Ральф Рангниктің қызметі және оның клубтағы жұмысы туралы сұрақтан бастады.

– Ральф командада жұмыс істей бастағанына 4-5 апта болса да, көп нәрсені өзгерте алды. Бірақ бапкерге өз ойын ойыншыларға сіңіру үшін уақыт керек. Дегенмен, мен оның командада жақсы жұмыс істеп жатқанын көріп тұрмын. Біз дәл қазір үздік ойын көрсете алмайтынымызды білеміз, сондықтан оның кейбір аспектілерін жақсартуымыз керек. Рангник келгеннен кейін кейбір ойындарда жақсы көріндік деп ойлаймын, бірақ бәрібір уақыт керек. Қалай болғанда да, ойыншылардың менталитеті мен мәдениетін, қалай ойнайтынын, командалық ойын жүйесін өзгерту оңай емес. Мен оның қолынан келетініне сенемін.

© Reuters

"5-7 орын алғым келмейді"

Криштиану Роналду "Манчестер Юнайтедтің" қазір 7-ші орында тұрғаны және үздік төрттікке ену мүмкіндігі туралы айтты.

– Біздің көзқарасымызды өзгертпей төрттікке кіру мүмкін емес. "Манчестер Юнайтед" менталитеті ең болмағанда үздік үштікте болуы керек, қазіргі орнымызға көңілім толмайды.

Жақсы нәрсе салғың келсе, кейде екіншісін бұзуға тура келеді. Ендеше неге өзгермеуіміз керек? Жаңа жыл, жаңа өмір... "Манчестер Юнайтед" жанкүйерлері қалаған деңгейге қайта оралады деп үміттенемін. Олар соған лайық.

Біз өзгертуге қабілеттіміз. Мен қандай талдау жасау керегін нақты білемін, бірақ бұл туралы айтуым дұрыс емес. Менің айтарым, біз жақсырақ ойнай аламыз.  Қазіргі жағдайды түзетуіміз керек.

Өз басым алтыншы, жетінші немесе бесінші болғым келмейді. Мен жеңіске жету және жүлделер жолында күресу үшін келдім. Менің ойымша, біз бәсекелестермен бәсекеге түсе аламыз, бірақ әлі ең жақсы нәтижеге жеткен жоқпыз. Егер өзіміздің көптеген аспектілерді нығайта алсақ, менталитетімізді де өзгерте алсақ, үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз.

© Getty Images

"Жас ойыншылар сынды қабылдамайды"

"Манчестер Юнайтед" шабуылшысы командадағы ойыншыларға кеңес беру және қазіргі жас ойыншылардың өзгергені туралы да айтты.

– Құрамадағы салыстырмалы түрде жасы үлкен ойыншылар әрқашан жас ойыншыларға көмектеседі. Рас, айырмашылық бар. Мысалы, мен кеңес берер едім, бірақ менің сөзімді тыңдаса, кеңесім көмектеседі. Сіз сол күні бір жас ойыншымен сөйлестіңіз, бірақ егер оның бойында жеңіске деген қалау болмаса, бірнәрсені өзгерту қиын.

18, 19, 20 жасымда клубтағы үлкен ойыншылардың менімен қалай сөйлескені әлі есімде. Сонда мен өзіме: "Криштиану, білесің бе, сен өсуің керек, жақсаруың керек. Олар сеннен көбірек біледі, олар саған қарағанда тәжірибелі", дейтін едім. Қалай болғанда да, жасы үлкен ойыншылар қиын сәттерден өткен, жасыл алаңда әбден сыналған.

Бірақ қазіргі жас ойыншылар сынды қабылдамайды. Мен мұны біздің командадағы ойыншыларға қатысты емес, жалпы айтып отырмын. Менің балаларым бар және мен не туралы айтып жатқанымды жақсы білемін. Кейде сіз қатал болсаңыз, олар керісінше жасайды. Олай дейтінім, жас футболшылармен сөйлескенде де дұрыс сөз тауып, арақашықтықты сақтай білу керек.

Тағы да, бәрі бірінші кезекте ойыншының өзіне байланысты. Сіз өзіңізді мақтан тұтып, айнаға қарап, "барымды бердім" деп айта білуіңіз керек. Менің ойымша, мұны бәріміз жасауымыз керек. Біз әлі де көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызға сенуіміз керек. Әйтпесе бұл қорқынышты түс сияқты болады.

Біз бір-бірімізге көмектесу үшін осындамыз. Командадағы біреудің көмегі немесе кеңесі керек болса, мен әрқашан дайынмын. Егер сізге менің көмегім керек болмаса, сіз өз жұмысыңызды істеп, командаға көмектесуіңіз керек.

© Getty Images

"Оле мен Майкл менің бапкерлерім ғана емес, сонымен бірге менің командаластарым болды"

Сондай-ақ, Роналду бас бапкер Оле-Гуннар Сульшердің, одан кейін бапкердің көмекшісі Майкл Карриктің отставкаға кетуі туралы да айтты.

– Шынымды айтсам, ол кезде командаға оңай болған жоқ. Біз Олемен қоштасқанбыз, содан кейін Каррикпен...  Жаңа жаттықтырушылар штабы жұмысқа кірісті. Осыншама өзгерістерден кейін кез келген клубқа қиын болады. Командадан біреудің кетуі қиын және жағымсыз жағдай. Оле, Майкл менің бапкерім ғана емес, командаластарым да болды. Ұлы адамдар. Оленің кеткеніне бәрі ренжіді, бірақ отставкалар да футболдың бір бөлігі.

Егер нәтиже барлығы күткендей болмаса, бірдеңені өзгертуге тура келеді. Мен бұған ренжідім, бірақ біз де клубты дұрыс түсінуіміз керек. Бұл қиын, бірақ өмір жалғасуда.

Мен әлі де жақсы маусым өткізетінімізге сенемін. Бас бапкердің алаңда көзқарасын көрсету үшін уақыт қажет. Бірге жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.

© sportarena

"Мен Роналдо мен Роналдиньоға қарағанда көп жүлде ұттым, бірақ олар – әлем чемпиондары"

Әңгімелесу барысында Криштиану бразилиялық ойыншылар – Роналдо мен Роналдиньомен салыстырулары туралы да айтты.

"Кім күшті?" Бұл ең жақсы ойыншыны қалай таңдағаныңызға байланысты. Бірақ мен салыстыруды ұнатпаймын. Үшеуміз де тарихта із қалдырдық. Мен олардан көбірек жеке жүлде ұттым, бірақ Роналдо мен Роналдиньо әлем чемпиондары.

Мен оларға құрметпен қараймын. Жас кезімде олардың ойындарын тамашаладым. Кімнің жақсы екені маңызды емес. Екеуін де кумирім деп санаймын. Олар футболда тамаша тарих жасады.

© Getty Images

"Мен өзімді генетикалық тұрғыдан 30 жаста сезінемін"

Ақпан айында 37 жасқа толатын португал футболшысы 42 жасқа дейін ойнай алатынын айтты.

– Генетикалық тұрғыдан өзімді 30 жаста сезінемін. Мен жақында 33 жастан кейін ағза кез келген мәселені шеше алатынын түсіндім, бірақ нағыз шайқас – бұл психикалық күрес.

Сіз өмірде әртүрлі жағдайларға тап боласыз – жақсы және жаман күндер болады, бірақ құлаған кезде аяғыңызға қайта тұру үшін күш табу – ең бастысы. "Манчестер Юнайтедте" бақыттымын және әлі де футболда қалғым келеді. Мен 40, 41, 42-ге дейін ойнай аламын ба, соны анықтауым керек. Бірақ мен үшін футболдағы ең маңызды нәрсе өзгерген жоқ. Ол футболдан ләззат алу, - деді Роналду.

А. Оралқызы