Жәнібектің жарқын жеңісі

Жәнібектің жарқын жеңісі
Фото: ©reviewjournal.com

Қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы Лас-Вегаста өтіп жатқан бокс кешінде тегі камерундық француз боксшысы Хасан Н'Дам Н'Жикамды (38-5, 21 KO) 8-раундта техникалық нокаутпен жеңіп шықты. 

Орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз қарсыласынан бір бас жоғары екенін бірінші раундтан-ақ байқатты. Қарсыласын шаршы алаңда қуып жүріп жұдырықтың астына алды. Үшінші раундта Жәнібек қарсыласын бір тізерлетіп, нокдаун да ашты.

Хасан Н'Дам Н'Жикам да қаша жүріп ұрыс салғысы келген. Оның бұл ойлаған тактикасы жүзеге асқан жоқ. Қорғаныста мығым, шабуылда ширақ жұдырықтасатын Qazaq Style-ға қауқары жетпеді. 8-раундта төреші жекпе-жекті тоқтатты. 

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы 11-ші жеңісіне қол жеткізді. WBO Global чемпиондық атағын қорғап қалды. Сондай-ақ отандасымыз WBC Continental белбеуіне де ие. 

Н. Үсенова