Ақтоты Райымқұлова футзалдан Қазақстан құрамасымен кездесті

Ақтоты Райымқұлова футзалдан Қазақстан құрамасымен кездесті

Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы елге оралды. Осыған орай Қазақстан футбол федерациясында салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрілігі хабарлады.

Литвада өткен әлем чемпионатында үздік төрттікті түйіндеген командамен және бапкерлер қосынымен кездесуге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара басында сөз алған Ералы Тоғжанов іріктеуден сүрінбей өтіп, 32 құраманың қатарында жүлдеге таласқан Қазақстан құрамасы алпауыттармен терезесі тең ойнап, халықты жұмылдырғанын ерекше атап өтті.

Осыдан кейін сөз алған Ақтоты Райымқұлова құрамамыз жанкүйерлер үмітін ақтап, футзал әлемінде сенсация жасағанын жеткізді.

"Табанды ойын мəнерін көрсетіп, əлемнің алпауыт құрамаларына лайықты қарсылық көрсеттіңіздер. Терезесі тең ойында біздің құрама санасуға тиіс қарсылас екенін паш еттіңіздер. Сіздердің жеңіске деген зор ерік-жігерлеріңіз, команданың ұйымшылдығы, жанқиярлығы, патриотизмнің жарқын көрінісі көпке үлгі. Сіздер үшін əр матч оңайға түскен жоқ. Алайда сіздер сын сағатта шын шебер екендіктеріңізді көрсетумен болдыңыздар. Халықаралық футбол федерациясының біздің құраманы адал ойын көрсеткені үшін арнайы жүлдемен марапаттауы осының айқын дәлелі. Құрметті футболшылар, бапкерлер біз Сіздерді мақтан тұтамыз",-деп айтты министр.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова құраманың бұл жетістігі елімізде бұқаралық спорттың, оның ішінде футзалдың дамуына тың сепін беретінін атап өтті.

"Сіздер күн сайын елімізде дамып келе жатқан спорт түрінің тамырына қан жүгірттіңіздер. Залдарда тынымсыз жаттығу жасап жүрген өзге ойыншыларға жол сілтеп, жөн көрсетіп отырсыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев əр Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ерекше тоқталып өтеді. Бүгінде елімізде футзал секцияларында 15 мыңнан астам адам жаттығады. Балалар мен жасөспірімдер арасында мектеп лигасы қарқынды дамып келеді. Сіздердің жетістіктеріңізден кейін бұл көрсеткіш ұлғая береді деп сенемін. Талай жас жеткіншек футзалмен тұрақты шұғылданып, іздеріңізден ере берсін",-деді министр.

Ұлттық құраманың бас бапкері Кака бұл көрсеткіштің сәйкестік емес екенін, командадағы әр ойыншыны мақтан тұтатынын жеткізді.

"Әуелі маған және жалпы командаға қолайлы жағдай жасаған федерацияға рақмет айтамын. Мен әлем чемпионатында еш қаймықпай сенімді ойын көрсеткен футболшыларыма алғыс айтамын. Біз осында не болып жатқанын білмегенмізбен Литвада жүріп, жанкүйерлердің қолдауын сездік",-деді бас бапкер.

Іс-шара соңында әлемнің бес дүркін үздік қақпашысы Игита ФИФА-ның әділ ойын (fair play) көрсеткені үшін Қазақстан құрамасына берген арнайы сыйлығын федерацияның мұражайына табыстады.

Т. Раушанұлы