Биыл ең көп табыс тапқан футболшылар тізімі жарияланды

Биыл ең көп табыс тапқан футболшылар тізімі жарияланды

Американың Forbes қаржы-экономикалық журналы 2021 жылдың ең көп жалақы алатын футболшыларының тізімін жариялады.

Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси кейінгі үш жылда алғаш рет ең көп жалақы алатын футболшы атанбады. Forbes рейтингінде оны португалдық шабуылшы Криштиану Роналду басып озды.

"Манчестер Юнайтед" футбол клубына "Ювентус" клубынан ауысқан Криштиану Роналду бір жыл ішінде салықтан тыс 125 миллион доллар табыс тапқан. Сонымен бірге, ол "Манчестер Юнайтедке" ауысқаны үшін клубтан 70 миллион доллар жалақы мен үстемеақы алды. Ал, қалған соманы серіктестік бағдарламалар мен Nike, Herbalife, Clear және өзінің кәсібі – әтір, іш киім, көзілдірік және басқа да тауарларды сату арқылы тапты.

Кейінгі үш жылда алғаш рет "Пари Сен-Жермен" (ПСЖ) футболшысы Лионель Месси екінші орынды иеленді. Forbes нұсқасы бойынша, ол бір жылда 110 миллион доллар табыс тапқан. Оның 75 миллион доллары  жалақысы. Футболшы француз клубына ауысқаны үшін алған сыйлықтың бір бөлігі оған криптовалютамен төленген. Аргентиналық шабуылшы қалған табысын Adidas, Pepsi, Jacobs & Co және Budweiser сағаттарымен 35 миллион долларлық жарнамалық келісім жасаған.

ПСЖ қазір әлемдегі ең көп жалақы алатын бес ойыншының үшеуіне ие. Соның бірі  –Неймар  бір жыл ішінде 95 миллион доллар табыс тауып, рейтингте үшінші орынды сақтап қалды. Ал, 22 жастағы Килиан Мбаппе 43 млн доллармен төртінші орынға жайғасты. Үздік бестікті 41 миллион доллармен "Ливерпуль" шабуылшысы Мохаммед Салах түйіндеді.

Сонымен қатар, қаржылық табысты футболшылардың ондығына – Роберт Левандовски мен Андрес Иньеста (35 миллион доллар), Пол Погба (34 миллион доллар), Гарет Бэйл (32 миллион доллар) және Эден Азар (29 миллион доллар) енді.

Бұған дейін UFC  жекпе-жег шебері Конор Макгрегор Forbes журналы бойынша ең көп жалақы алатын спортшылардың тізімін бастаған болатын.