Криштиану Роналду ұлттық құрама сапында әлем рекордын жаңартты

Криштиану Роналду ұлттық құрама сапында әлем рекордын жаңартты

Футболдан Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду ұлттық құрама сапында гол соғу бойынша әлем рекордын жаңартты.

Португалия 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында Ирландия құрамасымен кездесті. Фарорада өткен А тобының кездесуі 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.  45 минутта ирландиялық Джон Эган командасын алға шығарды. Бірақ ойынның соңғы минуттарында Португалия капитаны Роналду дубль авторы атанып (89 -шы және 90 + 6 -шы минут), жеңісті жұлып алды.

Осылайша Роналду ұлттық құрама сапында 110 -шы және 111 -ші голдарын соғып,   әлем рекордын жаңартты.  Рекорд бұған дейін ирандық Әли Даеидың (109) еншісінде еді.

Ойын барысында португал капитаны 15 -минутта пенальтиден  гол соға алмады. 18 жастағы қақпашы Гэвин Базуна оның тепкен добын қайтарып тастады. Бірақ Роналдудың ненальти тебе алмауына қарсылас команданың ойыншысының әрекеті әсер еткен сияқты.

Роналду кездесудің 15 минутында пенальти тебуге дайындалып жатқанда, Ирландия қорғаушысы Дара О'Ши допты аяғымен шетке тебеді. Португал капитаны оның бұл әрекетіне ашуланып, шапалақпен тартып жібереді. Ирландия қорғаушысы бетін ұстап жерге жата қалады.  Төреші болған оқиғаға мән бергенімен, екі ойыншыны да жазаламады.

Т. Раушанұлы