Токио Паралимпиадасы. Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті

Токио Паралимпиадасы. Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті

Токиода өтіп жатқан паралимпиада ойындарында қазақстандық Давид Дегтярев чемпион атанды. Ол пауэрлифтингтен 54 килоға дейінгі салмақта үздік шықты.

Давид Дегтярев бірінші мүмкіндігінде 170 кило салмақты бағындырды. Одан кейін 172, үшінші мүмкіндігінде 174 килоны еңсерді. Нәтижесінде күміс және қола медаль еншілеген қарсыластарынан 9 кило артық көтерді.

Қазақстандық паралимпиадашы 2018 жылы Джакартада өткен Пара Азия ойындарында күміс медаль алған. Ал 2019 жылы елордада өткен әлем чемпионатында 5-орыннан көрінген еді. Биыл Тбилисидегі әлем кубогында 185 кило көтеріп алтын алған. Бүгін Токио паралимпиада ойындарында топ жарып, мансабындағы ең үлкен жеңісіне қол жеткізді.

Қазақстан құрамасы өз тарихында жазғы паралимпиада ойындарында екінші рет алтын медаль еншілеп отыр. 2016 жылы Риода өткен жарыста жүзуден Зүлфия Ғабидулина жеңімпаз атанған болатын.