Серхио Рамос "Реалдан" кетті

Серхио Рамос "Реалдан" кетті
Фото: Getty Images

"Реал Мадрид" клубының капитаны Серхио Рамос бүгін командамен қош айтысады. Бұл туралы мадридтік команданың ресми сайты хабарлады.

Бейсенбі, 17 маусым күні біздің капитанды шығарып салу рәсімі және журналистермен баспасөз жиыны өтеді. Оған Серхио мен клуб президенті Флорентино Перес қатысады, - деп жазылған хабарламада.

Серхио Рамос пен клуб арасындағы келісімшарт мерзімі 30 маусым күні аяқталады. Команда басшылығы 1 жылғы ұзарту жайлы ұсыныс білдірген. Алайда футболшы 2 жылға қалу жайы мен жалақысының қысқармауын қалаған. Нәтижесінде екі тарап бір мәмлеге келе алмады.

Қорғаушы "корольдік клуб" сапына 2005 жылы "Севильядан" ауысып келген-ді. 10 жылдан кейін команда капитаны болды. Мадридтік клуб жанкүйерлерінің сүйікті футболшысына айналды. Маңызды кездесулерде жарқын ойынымен көзге түсті.

Серхио Рамос 16 жылда 671 ойынға қатысып, 101 гол соқты. 40 нәтижелі пас берген. 5 рет Испания чемпионы, 2 рет Испания кубогы, 4 рет Суперкубогын жеңіп алды. 4 рет Чемпиондар лигасында топ жарды. УЕФА Суперкубогын 3 рет ұтты. 4 рет клубтар арасындағы әлем чемпионатында командамен бағы жанды. Жалпы саны 22 кубок еншіледі.

Н. Үсенова