"Канело" Сондерсты сан соқтырды

"Канело" Сондерсты сан соқтырды

Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес Арлингтонда (АҚШ, Техас штаты) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде британдық боксшы Билли Джо Сондерсты уақытынан бұрын жеңді.

Екінші орта салмақта өткен жекпе-жекте "Канело" айқын жеңіске жетті. Дегенмен Билли Джо Сондерс те аянып қалмады. Кей раундтарда белсендігімен көзге түсе де білді. Алайда көзінен алған жарақаты кедергі келтірді. Сегізінші раундтан кейін британдық боксшы жұдырықтасуға шыққан жоқ.


Сегізінші раундқа дейінгі төрешілер есебі

Сауль Альварес WBC және WBA чемпиондық атағын қорғап қана қоймай, екінші орта салмақта WBO белбеуіне де ие болды. Абсолютті чемпион атану үшін жетпей тұрғаны – IBF белбеуі. Қазір бұл атақ америкалық боксшы Калеб Плант еншісінде.

Билли Джо Сондерс мансабында алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Осыған дейін өткізген 30 жекпе-жегінде де жеңіске жетіп келген еді. "Канело" болса кәсіпқой бокстағы 56-шы жеңісіне қол жеткізді. 

AT&T Stadium кешенінде өткен бокс кешіне 73 мыңнан асық жанкүйер жиналды. Бұл жабық кешенде жиналған халық саны бойынша рекордтық көрсеткіштердің бірі.

Н. Үсенова