Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебі ашылады

Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебі ашылады

Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектебінің жаңа жобасы мақұлданды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан қаласының орталығындағы Саттарханов даңғылының бойынан бой көтеретін ғимарат заман талабына сай, әрі шаһардың жаңарған келбетіне сәйкес болады. 320 орындық спорт кешенінде үлкен зал мен бірнеше жаттығу бөлмелері орналасады.

Нысан құрылысы жақын уақытта басталып, келер жылы пайдалануға берілмек. "Желілік саябақ" бойында, бұрынғы орнынан қайта бой көтеретін зәулім кешеннің айналасы толық абаттандырылып, көгалдандырылады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа спорт кешенінің жобасымен танысып, мақұлдады.

Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында өмірге келді. Ол – үйдің кенжесі. Әкесі – Сейілхан, анасы - Сырлыкүл. Әлемді мойындатқан боксшының Бағдат, Болат, Мақсат есімді ағалары бар.

2000 жылдың 31 желтоқсан күні жаңа жылға 15 минут қалғанда Шымкент қаласының маңындағы Темірлан бекетінде Бекзат Саттарханов жол апатынан қаза болды. Әуесқой бокста Бекзат Саттарханов 143 жекпе-жек өткізіп, 132 кездесуінде жеңіске жеткен.

А. Рысдәулет