Жалғас Жұмағұлов UFC-де тағы жеңілді

Өткен жылдың шілдесінде UFC-де алғашқы жекпе-жегін өткізген Жалғас Жұмағұлов Абу-Дабиде октагонға оралды. Бұл жолы қарсыласы – Әмір Әлбази. 

UFC 257 турнирінің басты жекпе-жегінде Конор Макгрегор мен Дастин Порье жұдырықтасады. Екі спортшы бұған дейін кездескен. 2014 жылы өткен жекпе-жекте Макгрегор қарсыласын нокаутпен жеңген. Міне, араға 7 жыл салып қос спортшы қайта кездеспек. 

Кештің алғашқы жекпе-жектерінің бірінде отандасымыз Жалғас Жұмағұлов ел намысын қорғайды. Ол 27 швед файтері Әмір Әлбазимен қолғап түйістіреді. Қазақстандық файтер UFC-дегі алғашқы кездесуінде бразилиялық Раулиан Пайваға қарсы жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен қарсыласына есе жіберген.

Швед Әмір Әлбази де UFC-дегі екінші жекпе-жегін өткізді. Алғашқы айқасында канадалық Малкольм Гордонды қылқындыру әдісімен жеңді. Жалпы, мансабында 13 жекпе-жек жеңіске жетсе, 8 қарсыласын уақытынан бұрын жеңген. 

"Сарбаздар аралындағы" кештегі жекпе-жекті Жалғас ширақ бастады. Алғашқы минуттан екі файтер шабуылға шығып, көбірек соққы жасауға тырысқан.

Үш раундтың қорытындысы бойынша Жалғас Жұмағұлов төрешілердің шешімімен қарсыласынан есе жіберіп, UFC-дегі екінші жеңілісіне ұшырады.