Қырғызстандағы миллион долларлық тұлпар белгісіз жағдайда өліп қалды

Қырғызстандағы  миллион долларлық тұлпар белгісіз жағдайда өліп қалды
Фото: .sputnik.kg

29 желтоқсан күні Қырғыстанның Чуй облысы Манас аулындағы көкпар жарысынан кейін қайтар жолда, Азиядағы ең қымбат Барон атты  тұлпар белгісіз жағдайда өліп қалған. Бұл туралы аттың иесі Алмаз Колодшев мәлімдеді.

«Мен көкпарыдан соң Баронмен адамдар арасынан өтіп бара жатқанымда, ол кенеттен құлап түсіп, бірден жан тапсырды. Көп адам жиналды, кейбірі жылады», – дейді ат иесі.

Бұл Азиядағы ең қымбат тұлпар болған. Алмаз Колодшевтің айтуынша, оған адамдар Баронды сату үшін 100 мың, 200 мың долларлап ұсынған. Тіпті жарысқа келуден 2 күн бұрын бір қытай азаматы миллион доллар ұсынған. Бірақ атты сатудан үнемі бас тартып отырған.

«Ат ердің қанаты. Әр адамның өзінің ештеңеге айырбастамайтын, ештеңеге сатпайтын қымбат заты болуы керек. Мен үшін ол – Барон», – дейді Алмаз Колодшев.

Барон ағылшын тұлпарының жүк тасушы атымен будандастығынан туған. Салмағы 920 келі, бойы 187 сантиметр. Оны иесі Омск қаласынан 2012 жылы 5 мың долларға сатып алған екен.

Колодшевтің айтуынша, содан бері 12 бие сатып алып, Бароннан туған құлындардың әрқайсысын 10 мың долларға сатып отырған. Құлындарға деген сұраныс өте жоғары болыпты.

Т. Раушанұлы