EMS-жаттығуы қалай жұмыс істейді?

EMS-жаттығуы қалай жұмыс істейді?
Фото: zdorovieinfo.ru

EMS-жаттықтырушылары аптасына 3 рет 20 минуттан жаттығу жасау арқылы керемет дене пішінін сыйлайтындарына уәде беріп жатады. Ол мүмкін бе? «Болашақтың дене шынықтыруы» туралы маңызды ақпарат ұсынамыз.

EMS (Electrical Mio Stimulation) – бұлшықеттерге электрмен әсер ету кезіндегі жаттықтыру. Теріге импульс жіберетін электродтар жапсырылады. Ол күш беретін тренингтегі секілді бұлшықеттердің жиырылуына мәжбүрлейді. КСРО кезінде бұл әдісті ғарышкерлерге қолданған.

EMS-жаттығуы қалай өтеді?

Сізге аптасына 3 рет құрылғы кигізіп, 20-30 минут бойына жаттығу жасауға мәжбүрлейді. Сонымен қоса, жаттықтырушы түрлі бұлшықеттер тобына байланысты және сезінуіңізге қарай импульс қуаттылығын реттеп отырады.

Жаттықтыру 3 кезеңде өтеді:

1. Ширату: степперде немесе эллипсоидта 5-7 минут;
2. Күш беретін жаттығулар. Бұл кезеңде EMS-фитнес жаңашылдық енгізген жоқ. Қарапайым жаттықтырудағы жүрелеп отыру, сермеу, еңкею, ұмтылу секілді жаттығулар орындалады. Тек қосымша салмақ болмайды, оның орнына арнайы костюм кигізіледі;
3. Лимфодренажды массаж. Бұл ең жағымды кезеңі, себебі сізден тек жатып, рақат алуды сұрайды.

Қандай сезім болады?

Біртүрлі сезімде боласыз, себебі қарапайым жаттықтыру кезіндегі секілді ми бұлшықеттерге белгі жібермейді. Бірақ олар оны сонда да жасайды. Ешқандай ауыратын сезім болмайды, бірақ бәрі оңай болмайды. Себебі костюмде қарапайым жаттығулардың өзі қиынға соғады. 20-минуттық жаттығудан соң залда 1 сағат жаттыққан секілді шаршап шығасыз.

Ол қауіпсіз бе?

Егер деніңіз сау және жаттықтырушы кәсіпқой болса, мұндай жаттықтыру қауіпсіз болып табылады. Бірақ, кез келген физикалық жүктемедегі секілді EMS-жаттығуында да қарсы көрсетілім бар:

- Жүктілік және сүт шығу;
- Атеросклероз және жоғары артериялық қысым;
- Жұқпа және ісік;
- Өкпе аурулары;
- Жүрекширатқыштың болуы;
- Онкологиялық және неврологиялық аурулар.

Электр импульсі тері арқылы өткенде ол тек бұлшықеттерді емес, сонымен қатар май бездерін ынталандырады. Сондықтан сезімтал теріге бөртпе мен безеу шығып кетуі мүмкін.

EMS-жаттығуына барған дұрыс па?

Жарнамада уәде беретіндей EMS шынымен де жүктеме беріп, бұлшықеттердің барлық топтарымен жұмыс істейді. Бірақ көптеген зерттеулер олардың тек физикалық белсенділігі жоқ адамдарға ғана тиімділігін көрсетеді. Қарапайым жоғары қарқынды жаттықтыру көбірек нәтиже береді. Сонымен қатар, EMS жай тонуста жүруден бөлек бұлшықет массасын өсіргісі келетіндерге жарамсыз. Электродтар гантель мен зіл темірді ауыстыра алмайды.

Сонымен, EMS – өздігінше жаттыға алмайтын адамдарға жақсы шешім. Мысалы: бұлшықеттің семуі (атрофия) немесе жарақаты бар адамдар.

А. Жапатова