Мадридтің «Атлетикасы» чемпион!

Мадридтің «Атлетикасы» чемпион!

Еуропа Лигасының  финалы Бухаресте  өтті.  Жанкүйерлердің дені испандықтар болды.

Еуропа Лигасының финалында Мадридтің «Атлетикасы» Бильбаоның «Атлетикасын» жеңді. Есеп: 3-0. Турнирдің қызығы да сол, ақтық мәреде бір елдің қос бірдей командасы өнер көрсетті. Және аттары да ұқсас.  Жейделерінің өзі де ақ-қызыл түсті. Тек, Фалькао есімді сұр мерген Бильбао қақпасынан саңылау тауып, 34-ші минуттың өзінде гол санын екеуге жеткізіп үлгерді...

Еуропа лигасының финалын бірінші рет өткізіп тұрған Бухарестің жолы болды. Екі бірдей испаниялық команда ойын көркін қыздырды. Реал мен Барселонаға қапа болған жанкүйерлердің көңілі қос командаға келгенде шексіз еді. Оның айқын дәлелі ретінде, Бухарестке келген жанкүйерлердің саны 22 мың адамды құрады. Бар-жоғы 53 мың адам сиятын алаңда ине шаншар бос орын болмады.

Ойын алаң ортасындағы тартыстан басталды. Арлы-берлі 5-10 минутқа созылға тартыста  Фалькао бастаған ойыншылар тізгінді қолдарына алды. Алайда, аспай-саспай баппен, бірінші кезекте қорғаныспен өнер көрсетті. Ал Бильбао командасының ойыншылары қарсылас қақпаға сәт сайын лап қойғанымен, еш нәтиже шығара алмады. Керісінше, қақпаларына доп жіберіп алды. Кезекті қателіктің бірін сәтті пайдаланып, Фалькао ойындағы есепті ашты. Айта  кетері, осы бір ойыншы екі жыл қатарынан үздік болып танылайын деп отыр. Екінші гол да бірінші гол сияқты қорғаушылардың қателігінен кірді. Айып алаңының ішінен табылған допты шірене тепкен бұл жолы тағы да Фалькао болып шықты. Есеп: 2-0.

Ойын осымен бір арнаға келді. Қанша гол соққысы келіп тырысқанмен, Бильбао командасының жолы болмады. Оның үстіне кілең өрімдей жастардан құралған команда, ойын тәжірибесі жетіспейтіндіктен жиі қателесті. Ең соңғы минуттарда Диегоның соққан голы ғана әңгіменің бәріне түпкілікті нүкте қойды.

Сурет: eurosport.ru

Л. Лига