Мектеп формасын қалай таңдаймыз? Мамандар кеңесі

Жаңа оқу жылы басталуына бір айдан аз уақыт қалды, ал ата-аналар 1 қыркүйекке дайындықты бастап кетті. Tengri Education Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мамандарынан мектеп формасын қалай таңдау керек екенін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орталық мамандары мектеп формасы тек әдемі емес, ең алдымен, қауіпсіз, ыңғайлы және баланың жасына сай болуы керек екенін еске салды. Балалар мектеп киімін орта есеппен күніне алтыдан сегіз сағатқа дейін киіп жүреді, сондықтан мектеп формасын сатып алу кезінде оның сыртқы түріне ғана емес, сапасына, матасына және өлшеміне де назар аудару маңызды.

Мектеп формасын дұрыс таңдау неге маңызды?

Ведомство өкілдері бала үнемі қозғалыста болатынын мәлімдеді: партада отырады, баспалдақпен көтеріледі, үзілісте ойнайды, далаға шығады. Қоршаған ортадағы температура мен физикалық белсенділік деңгейі өзгеріп отырады, сондықтан киім ағза қолайлы микроклиматты сақтауына көмектесуге тиіс.

"Бір қарағанда, ыңғайсыз киім тек жайлылық мәселесі сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, дұрыс таңдалмаған мектеп формасы дене тым қызуына, тоңуына, тері тітіркенуіне, тез шаршауға және зейін төмендеуіне себеп болуы мүмкін", - деп түсіндірді мамандар.

Сарапшылардың айтуынша, баланың ағзасы дене температурасын үнемі реттеп отырады. Мата ауаны нашар өткізсе немесе ылғалды сіңірмесе, киім астындағы температура мен ылғал деңгейі жоғарылайды. Соның салдарынан бала қатты терлейді, тез шаршайды және өзін жайсыз сезінеді.

depositphotos.com

Тек мақта емес: матасын таңдағанда неге мән беру керек?

Ата-аналар арасында ең көп таралған қате түсініктердің бірі - мектеп формасы міндетті түрде тек табиғи матадан тігілуі керек деген пікір. 

"Мектеп формасына қандай мата жақсы деген сұраққа нақты жауап жоқ. Материалдың атауы емес, оның сапасы маңыздырақ", - деді мамандар.

Сарапшылар форма таңдағанда матаның мына төрт сипаттамасына бірінші кезекте назар аударуды ұсынды:

  • ауа өткізгіштігі;
  • ылғал сіңіргіштігі (гигроскопиялық қасиеті);
  • бу өткізгіштігі;
  • электростатикалық қасиеттері.

Мақта, зығыр, жүн және вискоза, шынында да, ауаны жақсы өткізеді және ылғалды жақсы сіңіреді. Алайда табиғи маталар тез қыртыстанады, жуғаннан кейін пішінін өзгертуі мүмкін және күнделікті кигенде тез тозады.

Сондықтан қазір көбіне аралас материалдар қолданылады.

"Қазіргі заманғы синтетикалық материалдардың өзі қауіпті емес", - деп түсіндірді мамандар.

Форма мен аяқкиімді неге үлкен қылып алмаған жөн?

Ақша үнемдеуге деген ұмтылыс - көптеген ата-анаға таныс жағдай, сондықтан олар мектеп формасы мен аяқкиімді көбіне бір немесе екі өлшемге үлкенірек алады. Алайда мамандар бұл тәсіл дұрыс емес деген пікірде.

Тым кең киім балаға жүру, баспалдақпен көтерілу және белсенді ойындар кезінде кедергі келтіруі мүмкін. Ұзын жең жазу және компьютерде жұмыс істеуді қиындатса, тым ұзын шалбар немесе белдемше баланың шалынып құлау қаупін арттырады.

Тар форма да ыңғайсыз болуы мүмкін. Киім иықты, кеудені немесе іш аймағын қысып тұрса, баланың қозғалуы және партада ұзақ отыруы қиындайды.

"Мектеп формасы баланың қазіргі оқу жылындағы бойы мен дене бітіміне сәйкес келуі керек", - деп ескертті мамандар.

Киімді киіп көру кезінде баладан қолын жоғары көтеруді, жан-жаққа созуды, отырып-тұруды, алға еңкеюді, дүкен ішінде жүріп көруді және орындыққа отыруды сұрауға кеңес берілді.

"Осы қозғалыстар кезінде киім тартылмаса, айналып кетпесе, жиырылып қалмаса және жайсыздық тудырмаса, демек, ол дұрыс таңдалған", - деп түсіндірді орталық өкілдері.

Спорттық форманы қалай таңдау керек?

Мамандар дене шынықтыру сабақтарына баланың өлшеміне сәйкес келетін, қозғалысын шектемейтін және жаттығу кезінде жайлы болатын бөлек спорттық форманы пайдалануды ұсынды.

Сарапшылар ата-аналардың көбі мақтадан тігілген спорттық киімдерді таңдайтынын, алайда заманауи аралас маталар ылғалды жақсы өткізіп, дене шынықтыру кезінде тезірек кебетінін айтты.

Спорттық аяқкиімді де баланың белсенділігіне қарай таңдаған жөн. Мектептегі сабақтарға табаны иілгіш, табанды нық ұстайтын жеңіл кроссовкалар ұсынылады. Аяқкиім қатты тозса немесе табаны өзгерсе, оны уақтылы ауыстырған дұрыс, себебі уақыт өте келе жаттығу кезінде жайсыздық тудыруы мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!