Метродағы симфониялық флеш-моб

Метродағы симфониялық флеш-моб

Бүгін, 20 наурыз Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі Вердидің 200 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған IV Халықаралық опера байқауымен халықты құлақтандыру үшін Алматы қаласындағы метрода симфониялық флеш-моб өткізді.

"Алмалы" станциясынан "Әуезов театры" станциясына дейін поезда оркестр "Травиата" операсынан "Вилетта ариясы", "Трубадур" операсынан "Сығандар хоры", "Аида" операсынан "Марш" симфониялық шығармаларын орындады.

Халықтың қошеметіне ие болған музыканттар "Алмалы" станциясына қайтарда да осы репертуардағы әуендерді қайта ойнады. 

Симфониялық оркестрдің музыканттары ең алғаш рет метрода өнер көрсетті. Бұл жоспар оңайға да түспеген сыңайлы. Өйткені қозғалып бара жатқан поезда жолаушылармен бірге сығылысып музыкалық сайманмен өнер көрсету күрделі екені рас.

Белгілі италиялық композитор Вердидің шығармалары алғаш рет жер үстінен 30 метр тереңдікте әуеледі. Осы арқылы музыканттар Алматы қаласында 4-7 сәуір күндері өтетін IV Халықаралық опера байқауына деген халықтың көңілін аударғысы келді. 

Дж. Вердидің 200 жылдық мерейтойын бүкіл әлем тойлауда. Осы атаулы күнді Алматы қаласымен қосылып Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры да елеусіз өткізбеуді жөн санаған. Бүгіндері театрда Вердидің 5 опералық шығармасы сахналанып жүр. 

"Музыканттар да қарапайым адамдар. Олар да басқа жолаушылар секілді метромен жүреді. Олар да басқалар секілді тұрмыстық әңгімелерді талқылайды. Музыка бар жерде адамдар күнделікті күйбең тіршіліктен бір уақыт болса да тынығады", - дейді оркестр дирижеры Арман Оразғалиев.

Өткен жылы Халықаралық опера байқауының алдында Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Көк базарда флеш-моб өткізген еді. 

Метродағы симфониялық флеш-мобты өткізу кезінде Алматы қалалық метрополитен мен Казкомерцбанк ұжымы да көмек көрсеткенін атап өту керек. 

Дайындаған және суреттерді түсірген: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан