Әлібек Байбол. Бақыт туралы драма

Әлібек Байбол. Бақыт туралы драма

Ақын, драмашы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің (бүгінгі Абай атындағы ҚазҰПУ), Т. Жүргенов атындағы Театр және кино институтының (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) түлегі, жырлары «Толқыннан толқын туады», «Қарлығаш», «Қос ішек» секілді ұжымдық жинақтарға енген, сондай-ақ «Кең дүние», «Көкемарал», «Уақыттың жүрегi», «Ауадағы жазу» атты кітаптардың авторы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының жүлдегері, әдебиетімізге тоқсаныншы жылғы тоқырау тұсында келген буынның белді өкілі – Бақыт Беделхан жан-жақты азамат.

Ол «Елорда» баспасында редактор, Қ. Қуанышбаев атындағы драма театрында «Әдебиет бөлімінің меңгерушісі», «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында «Саят», «Атажұрт» бағдарламаларының жүргізушісі, Қазақстан Жазушылар Одағы «Әдебиетшілер үйінің» директоры болған, Халық қаһарманы хақындағы деректі фильмде Баукеңнің – Бауыржан Момышұлын сомдаған. Бұл – жоғарыдағы сөздің дәлелі. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Темірхан Медетбек «Алтынкөпірліктер» атты мақаласында (Жұлдыз. – 2008. – №1. – 143-165 б; №2. – 126-140 б.) былай деген-ді: «Бақыт Беделханұлы – тынық ауаны ысқыртып тіліп түсетін өлең жолдарының жылан бауыр бишігін сілтей алатын ызалы ақын. Көп ақын күйініп сөйлесе болды күйреп шыға келеді ғой, ал Бақыт олай емес, күйініп сөйлесе-ақ қақпанға түскен қасқырдай өз аяғын өзі шайнап, ызаға толып, өршеленіп, аласұрып кетеді екен». Өзіміз осы салада еңбек етіп жүргендіктен де, көбіне-көп бізге – драмашы ретіндегі қыры қызық. Автордың жиырмадан асқан шағында жазған «Махамбет» поэтикалық драмасы Нұрмұхан Жантөрин есім-сойы берілген Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында сахналанған-ды. Режиссері – сол өнер ошағының Көркемдік жетекшісі, «Тарлан» сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева.

Ал, 2003 жылдың күзінде Оралдағы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орайластырылған XI Республикалық театрлар фестивалінде Гүлсина Бақытжанқызы Бақыт Беделханның осы драмасымен «Режиссерлік ізденісі үшін» аталымында жүлдегер болды. Театр сыншыларының да, қазақ әдебиетіндегі азуын Айға білеген қабырғалы ақын-жазушылардың да, қарақты көздің де көңіліне жаққан, жоғары бағасын алған «Махамбет» сонда әлі күнге шейін сахналанып келеді. Мұнымен қатар, «Ұлым, саған айтам...» («Шымылдықсыз шындық») – әке мен бала, ұрпақ сабақтастығы сынды мәңгілік мәселені көтерген монодрама. Қазақ драматургиясында бұ жанр енді-енді жанданып, күш алғанын ескерсек, Бақыт уақытқа сәйкес сұранысты ерте түсінді, көбінің алдын орады, ойлы дүние жазды. Иван Тургеневтың реалистік мәндегі «Отцы и дети» романында бір жағынан Ресейдің әрқилы әлеуметтік таптан шыққан зиялылар өмірі көрсетілсе, екінші тараптан «нигилизмнің» өркен жаюына да назар аударғанылған-ды. Бұнда да солай: өз дәстүрінен, өз тауарихынан, ұлттық болмысынан жерінген ұлдың күйі, ел деп еңірегенде етегі жасқа толған, Батыстан келер қауіп-қатерден қорғанған, соған жаны ауырған ер зары, ер мұңы.

Әлем әдебиетінде «исповедь» жанры белең алған, қазақшалағанда «арылу» түсінігімен төркіндес. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс пен ұлы – Мағжан Асаубай ойнаған осы моноспектакль – рухы жағынан соған жақын көркем дүние. Талтүсте қолына шырақ ұстап Адам іздеген Диогендей, ойлы кейіпкер де жұрт ішінен салт-санасын ұмытпаған, бұрнағысы мен қазіргісін парықтай алар қазақты шарқ ұра іздейді. Фон есепті қобыздың қоңыр үнінде қорқыныш, үмітсіздік желкелей түскен үрей бар: «Кім ол – Махамбет?.. Кім ол – Махамбет? (Көкбөрі ұлиды. Жастар көкбөрінің ұлыған даусынан үрейленіп, үркіп қашып кетеді) Көк бөрінің ұрпағы!.. Кім ол?.. Тарихын, тегін білмейтін ұрпағың келе жатыр! Әй, қазақ, тарихын тегін білмейтін...», – дейді артист. «Сен, қазақпысың?..». Көркем мәтінге көңіл бөлсеңіз, автор «Сеннен» кейінгі үтірді саналы түрде қолданады, , – пауза, яғни, бұл – бір жағынан алаңдаушылықтың, екінші жағынан жақсылықтан үміт үзбеудің белгісі. М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қойылған монодрама режиссері – Асхат Маемиров.

Осы қойылым Бекжанның елуге толып, ел ағасы ретіндегі жиылған халыққа шығармашылық есеп беруі ғана емес, руханияттағы, қоғамдағы мәселелерге қатысты қордаланған ойымен бөлісуі, ішке байланған шеменді сыртқа шығаруы еді, сол арқылы ол драматург, режиссер, ақын, жазушы, өнер теоретигі, «Эпикалық театр» теориясының, «саяси сахна» бағытының, «Berliner Ensemble» театрының негізін қалаушы Ойген Бертхольд Фридрих Брехтке (Бертольт Брехт) сәйкес «актердың азаматтық ұстанымын» да («присутствие в спектакле личности актера, его четкой гражданской позиции») көрсетті. Сол себепті де, көркем бейне рөл шеңберінен шығып, Дени Дидро айтқан «төртінші қабырғаны» бұзуға тырысады. Драмаға толғау салған күш – жынойнаққа ілескен ұлдың «жоңғарлармен шайқасып, Ақ патшамен айқасып, аман жеткен ер-тұрманды» айфонға айырбастап жіберуі. Ер-тұрманды жоғалту – ұлтқа тән қасиетті, тіл мен ділді жоғалту, қылаяғы өзді-өзін тірідей «өлтіру», жою. Махамбет бабамның «Ереуіл атқа ер салмай / Егеулі найза қолға алмай / Еңку-еңку жер шалмай / Қоңыр салқын төске алмай» дегені алыстан естілетіндей, алайда жаһандануға бой салған жастар мұны елер емес.

Манағы ертоқым спектакль финалында ғана табылады, әдеби қаһарман өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанады, сөйтіп елеңдеп отырған ел де – риза. Ұққан жан үшін маржандай тізілген бұ сөздердің мән-мағынасы тереңде жатқаны айтпаса да беп-белгілі: «Бекжан: Ал, саған айтарым, балам. Сен – мық шеге бол! Шеге – тағаны ұстайды, таға – тұяқты ұстайды, тұяқ – аяқты ұстайды, аяқ – атты ұстайды, ат – ер-тұрманды ұстайды, ер-тұрман ерді ұстайды, ал, ер – елді ұстайды!». Бір сұқбатта жорналшының: «Ақындықтан драматургияға біржола ойыса бастадыңыз. Бұл сіздің кемелдену жолыңызды білдіре ме?» деген сұрағына, Бақыт Беделхан ұтқырлықпен жауап береді: «Қалихан ағам, кез келген шығарманы драматургияның заңдылығына салып жіберсең, арты ашылып қалады – деуші еді.

Драматургияға кемелдену үшін келгем жоқ. Не жазсам да он екі мүшесі сау, есі дұрыс туынды жазу үшін, жанымды ауыртып келдім. Тәуелсіздік алғалы бері ауыз толтырып айтатын біздің қатарымызда драматургтер жоқтың қасы. Бар болғанымен, жоққа тән. Жаңа заманның өз үні, өз қолтаңбасы, көтеретін өзіндік жүгі болу керек қой. Оны әдебиетке тәуелсіздік жылдарымен бірге келген біз жасамағанда, кім жасайды? Менің айтып отырғаным, ұлттық идеологиямызға қызмет ететін тарихи тұлғаларымызбен қатар, жаңа заманның жаңа «геройлары» жаңаша көзқараста сахнада салтанат құруы керек. Оны жасау – біздің мойнымыздағы міндет. Ескі сарынды жандандырып, жаңа жолды жаңылмай жаңғыртатын кез келді».

«Бұ дүниенің сахнасында / Құдай қойған драмадай күрделі / Тағдырым бар мүлде бөлек сүрлеуі / Кісендеулі жүрегіме қарамай / Мен сүйемін өмір дейтін түрмені». Бақыттың «Құдай қойған драмасы» да – сахнаға сұранып тұрған поэтикалық шығарма. Үш «серпіннің» («Үштаған») екі дүркін қайталануы – Жаратушы заңы, Өмір орнын Өлім, Өлім орнын Өмір басқан мәңгілік айналым. «Бұ дүниенің сахнасында / Тапсырармын жанды тәтті / Қапсырармын мәңгі бақты... / Сәл, сәл шыда, ақ періштем / Ал, әзірге, Антракт!..».

Реинкарнациялық сыпаттағы «Құдай қойған драма» – формасы қызғылықты, әрі мазмұнды туынды. Автор оймақтай ойды «Түйме» арқылы түйіндеп отырады, әркез. Лирикалық кейіпкер жердің, ұлттың Феникс сықылды қайта түлеуіне (оянуына), өз өзегін табатынына ерекше сенеді, содан үмітті. Өйткені, бұл – көп көкейіндегі Сөз.  «Босатқанмен арманды темір құрсау... / Жолы бар ма бірақ та өмірдің сау?.. / Азатпын! деп аттандап айғайламай / Аз-ақпын! деп ойланған жөн, дұрыс-ау». Өмір («Бұ дүниенің сахнасы») мен Өлім («О дүниенің сахнасы») қатар, параллель алынған-ды. Баяндауға басымдық берілген, монодрама жанрына иек арта жазылған аталмыш туынды – шайыр шері, ызасы, ашуы. «О дүниенің сахнасының / Шымылдығы ашылғанда-ақ, «Аллалап!» / Төрден төмен бір бас түсті домалап / ...Кеудесі жоқ бастың соры түк емес / Ал, басы жоқ кеуделерге обал-ақ...». Драматург синтаксисындағы «кейуана», «домбыра», «Желмая мініп Жерұйық жерін іздегем», «Ұмай-ана», «Хан-Тәңірі», «баһадүр», «мүміндер», «арыстан», «қобыз» сөз қолданыстары – ұлттық таным дәрежесіндегі ұстын. «Адастырып кетпесе екен «Көк тұман» деп күрсінем / Әйтпесе, кім ішпеді дейсің менің қанымды / ал, менің қаным әлі тәтті қан!..». Драматургия – шу асаудай қолға үйретілуі тым қиын сала. Бақыт Беделхан ақындықпен қатар, драмада да бағын сынады. Ол жерде де осал емес екенін дәлелдеді, көрерменге, оқырманға ой саларлықтай дүниелер тудырды. Автордан жаңа шығармалар күтеміз, өйткені қайталанбас қолтаңбасы, Алашқа айтары бар, көрген-түйгені мол. Бұл – бақыт туралы драманың бастамасы ғана.

Т. Раушанұлы