Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда жаңадан 20 театр ашылған

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда жаңадан 20 театр ашылған
Фото: artfile.ru

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанда жаңадан 20 театр ашылды, Орал, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Өскемен, Шымкент және Талдықорған қалаларында 8 театрға жаңа ғимарат салынды. Жыл сайын театр сахналарында әртүрлі жанрдағы 12 мыңға жуық спектакль қойылады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі – мемлекеттік болса, солардың қатарында 4 ұлттық (этникалық) театр бар: ұйғыр, корей, неміс және өзбек. Мемлекеттік 52 өнер ошағының:

3-еуі опера және балет театры;
- 5-еуі балалар мен жасөспірімдер театры;
- 7-еуі қуыршақтар театры;
- 24-і драма театр (оның ішінде 3-еуінде қазақ және орыс труппасы бар),
- 11-і музыка-драма және комедия театры;
- 1-еуі жастар;
- 1-еуі сатира театры.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар мəдениет ұйымына «ұлттық» мəртебесі берілді. «Ұлттық» мəртебесіне ие болған ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігіне бағынысты мекемелер:

  • ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
    - «М.Əуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры»;
    - «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры»,
    - «М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры»;
    - Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы;

Сонымен қатар ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздің 9 театрына «академиялық» мәртебесі берілді. Олар:
- Қызылорда облысының Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры;
- Қарағанды облысының С.Сейфуллин атындағы драма театры;
- Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры;
- М. Горький атындағы орыс драма театры;
- Оңтүстік Қазақстан облысының Ж. Шанин атындағы Қазақ драма театры;
- Атырау облысының Махамбет атындағы Қазақ драма театры;
- К. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры;
- Республикалық корей музыкалық комедия театры;
- Республикалық неміс драма театры.

Өткен жылы желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшіп, коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өтті. Айта кетейік, қазақ театр өнерін дамыту, дәстүрлі негізде дарынды артистер мен режиссерлерді анықтау және ынталандыру мақсатында 1992 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар жыл сайын шетелдік шеберлердің қатысуымен театр өнері қайраткерлерінің республикалық практикумы өтеді. Бұдан бөлек, театр өнеріндегі сабақтастықты жандандыруға жол ашатын екі жылда бір рет ұйымдастырылатын халықаралық фестивальдер бар. Оның алғашқысы - 2006 жылдан бастау алатын Орталық Азия елдерінің театр фестивалі болса, екіншісі - 2007 жылдан бастау алатын «Ортеке» қуыршақ театрлар фестивалі. Қуыршақ фестивалі осыған дейін Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Беларусь, Әзербайжан, Қазақстан ұжымдарының басын қосты. Үшіншісі - 2011 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен екі жылда бір өтетін Қазақстанның ұлттық (этникалық) театрларының республикалық фестивалі. Фестиваль кезінде қазақ, орыс, корей, ұйғыр, өзбек және неміс тіліндегі театрлар өз ана тілінде қойылым ұсынады. Кейінгі жылдары елімізде опера және балет өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Мәселен, жыл сайын «Опералия» халықаралық фестивалі өткізіледі. Қазір Қазақстанда 3 опера және балет театры мен бір балет театры жұмыс істейді. Біздің артистеріміздің сахна шеберлігінің өсуіне әлемнің үздік театр шеберханаларында білім алуы оң әсер етеді. Мемлекеттің қолдауымен опера және балет театрының жетекші солистері Ла Скала театрының академиясында, Вена операсында, Мариинский театрында, Перголези Спонтини қорында, Италияның Болонья қаласындағы опера мектебінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанның талантты жастары өз өнерін елімізде де, шетелде де лайықты түрде көрсетіп келеді.

Опера және балет солистері беделді халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты атанып үлгерді. Белгілі шетелдік шеберлердің шақыруымен С.Байғожин, Б. Әндержанов, Ж. Ғабдуллина, С. Ахметова, М. Шотабаев және жетекші балет солисі - М. Басбаева, А. Бекетаева, Е. Рахматуллаев, Б. Адамжан әлемнің үздік театрларында өнер көрсетіп келеді. 27 наурыз - Халықаралық театр күні. 1962 жылдан бастап жыл сайын атап өтілетін бұл атаулы күн 1961 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының Венада өткен 9-конгресінде бекітілген болатын.

inform.kz

Г. Берік