"Біржан – Сара" операсына – 75 жыл

Биыл "Біржан – Сара" операсы сахналанғанына 75 жыл толып отыр. 17 ақпан күні "Астана Опера" сахнасында музыкалық жауһардың 75 жылдығы аясында ұлттық классика мұрасы көрермендер назарына ұсынылады. Дирижерлік тұғырда – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин.

- Сөзсіз, барша музыкалық қауымдастық үшін бұл елеулі оқиға, себебі "Біржан – Сара" қазақ опера өнерінің асыл мұрасы болып табылады. 17 ақпан күні біз бұған дейінгі ауқымынан ерекшеленетін режиссерлік нұсқаны орындаймыз. Композитор Мұқан Төлебаевтың музыкасы жаратылысынан өте жарқын, әсем әрі сазды, оның өзі вокалмен кәсіби тұрғыдан айналысқаны белгілі. "Біржан – Сара" операсында сазгер халық ақынының музыкалық дәйексөздерін пайдаланған, "Айтпай" әні бас кейіпкер бейнесінің бастамасы болып табылады, - деді Абзал Мұхитдин.

"Біржан – Сара" операсының премьерасы 1946 жылы 7 қазанда Абай атындағы театрда өтті. Үш жылдан соң опера авторлары мен орындаушыларына Сталин сыйлығы берілді. 1958 жылы аталмыш спектакль Мәскеудегі Қазақстанның өнері мен әдебиетінің он күндігі кезінде көрсетілді. Шығарма шетелде танымалдылыққа ие болды: Қажым Жұмалиевтың либреттосы түрік тіліне бейімделіп аударылды және 2013 жылы опера Самсунда, сонымен қатар 2014 жылы Ыстамбұл, Бурса, Ескішехир және Анкарада көрсетілді.

Естеріңізге салар болсақ, осы операмен 2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театрының тұсауын кескен болатын. Көп жылдар бойы қойылым РФ Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александровтың қойылымында өтті, сондай-ақ 2014 жылы Санкт-Петерборда Мариин театрының жаңа сахнасында ұсынылды. Кейін 2018 жылы театр Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров пен кеңесші режиссер – Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Панджавидзенің музыкалық-сахналық редакциясын ұсынды, онда қоюшылар қазақ классикасының сценография стереотиптері мен жекелеген кейіпкерлердің мінез-құлқын қабылдауды бұзып-жарған жаңаша оқылымын ұсынды.

Жәрмеңкенің бірінші көрінісінен-ақ көрерменнің қиялын баурап алады: мұнда дарынды қолөнер шеберлері, пысық саудагерлер, ат үстіндегі бүркітшілер мен керілген арқан бойымен епті жүрушілер бар! 3D-технологиясын пайдаланудың арқасында табиғат пен тұрмыс көріністері шынайы көрінеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың көздің жауын алар костюмдері, итальяндық шебер Серджио Металлидің бейнепроекциялары, бірақ бастысы – әдемі музыка, солистердің ғажап дауыстары, оркестр мен хордың үйлесімді дыбысталуы жылдан жылға көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлауда.

17 ақпанда сахна төріне көрнекті әртістер – Біржан – Бейімбет Таңарықов, Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынай – Мәдина Исламова, Жиенқұл – Ержан Саипов және тағы басқалары шығады.

Атақты әнші әрі композитор Біржан мен дарынды ақын Сараның махаббаты туралы опера бойында шығармашыл жандардың еркіндікке, бақытқа деген адам құқығы үшін күрес жолдары айқын аңғарылады. Біржан мен Сараның жүрегінде үлкен сезім туындайды, алайда оған ескі қағидалар кедергі болады. Біржан ажал құшады, бірақ оның халық жүрегіне үлкен махаббатпен бойлаған рухты әндері мен жарқын болашақ туралы армандары мәңгіге қалады. М.Төлебаевтың опера жауһарында суреткердің мәңгілік идеясы айтылып, оның зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы күресі, өнердің асқақ мақсаты жырланады.

17 ақпан күні спектакль аясында "Астана Операның" Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлескен жаңа жобасы - жоғары сынып оқушыларына арналған "Театр сабағы" өтетінін айта кету маңызды.

Спектакльдердің басталуы сағат 19.00-де.