Мэрилин Монроның бет орамалы театрды сақтап қалды

Мэрилин Монроның бет орамалы театрды сақтап қалды
Фото: vk.com

Париждегі италиялық комедия театры банкротқа ұшырап, жабылуға сәл қалды. Оны атақты күміс экран жұлдызы Мэрилин Монроның жібек орамалы құтқарып қалды. Нақтырақ айтсақ, театрдың негізін қалаған бас режиссер аталған аксессуарды сатып, түскен ақшаға өнер ордасының қарызын жапқан.

Бізге белгілі мәліметтер бойынша, Аттилио Маджиулли орамалды 300 мың еуроға өткізген. Бұл театрды банкрот деңгейінен шығарып, күнделікті жұмысқа қайта кірісуге мүмкіндік берді.

"Мэрилин сыйға тартқан орамал" (Бұл тіркес әдемі естілгенімен, шындығында, оны актриса Нью-Йорктегі Waldorf Astoria қонақүйінің бөлмесінде ұмытып кеткен екен. Кейін қолдан қолға өтіп, аталған өнер ордасы соңғы тұрағына айналды) театрдың тұмарындай болып кеткен еді. Бірнеше жыл бойы мұражай экспонатындай фойеде сақталып келді.

Әлем жұлдыздары көп мекендеген қонақүйдің жуынатын бөлмесінен табылған әдемі орамал бірінші Энди Уорхолдан белгілі галерист Лео Кастеллиге өтеді. Ал ол құнды лотты Маджиуллиге берген. Театр репертуарындағы ең атақты пьеса да "Мэрилин Монро орамалы" деп аталады.

Т. Раушанұлы