Өскеменде Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы аталып өтті

Өскеменде Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы аталып өтті
Фото: Мұқтар Сержан

Қазақ киносының аңызы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақова биыл 100 жасқа толды. Осыған орай республика және ЮНЕСКО  көлемінде қазақ киносының анасы атанып кеткен тұлғаның мерейтойы аталып өтіліп жатыр.

Алматыдағы "Ғабит Мүсірепов" атындағы балалар және жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалыды: "Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі тұлғалар бейнесін жасау керектігі айтылған болатын. Осы "Ұлы тұлғалар" сериясы  аясында 2019 жыл Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, саналы ғұмырын Ғ.Мүсірепов театрына арнаған сахнамыздың саңлағы Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына орай шаралар ЮНЕСКО  көлемінде аталып өтіледі. Бұл қазақ театры мен кино өнері үшін рухани жаңғырудың ең үлкен көрінісі саналады", – деген еді.

Осыған орай кеше, 13 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысындағы Пушкин атындағы облыстық кітапханада "Әмина: бүкіл ғұмыры - махаббат" атты ретро-фестиваль ұйымдастырылды.

Шараға арнай келген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова: "Әмина рөлдерін сомдау үшін жүректің батырлығы қажет. Бұған үлкен дайындық пен ішкі рухани қуат-күш қажет. Солай бола тұра, фестивальге келген көрермен қауым арасынан да сахналық обрздарды сомдап көруге асық жастар аз болған жоқ. Демек, Әмина - халық жүрегінде! Әмина Өмірзақова - Қазақстанның ұлттық құндылығы! Бүгінгі фестиваль - даңқты жерлесіміздің ғасыр тойын атап өтуге арналған кешенді шаралар легінің алғашқы парасы ғана. Алдымызда, ұлы есімді ұлықтар талай шаралар күтіп тұр. Олардың қатарында Семей қаласында өтетін республикалық театрлар фестивалінің орны ерекше" – деді.

Облыстық колледж студенттері фестивальге арнай ретро киімдер киіп келіп, Әмина Өмірзақова ойнаған 50-70 жылдардағы сән үлгісін тағы бір жаңғыртқандай болды.

Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер коледжінің музыканттары актриса ойнаған фильмдердегі музыкаларды орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, 5-6 наурыз күндері Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті актриса ойнаған фильмдердің ретроспективасын өткізкен еді.

"Әмина Өмірзақова өз ғұмырында 20-дан астам кинофильмге түскен. Көрермендер іс-шара барысында көпшілігі дүйім жұртқа таныс, әрі жақын болған фильмдерден Әмина Өмірзақова сомдауындағы әрқилы бейнелерді тамашалай алады. А. Карповтың "Ана туралы аңыз", Ш. Аймановтың "Тақиялы періште", Ш. Бейсенбаевтың "Гауһартас" фильмдерінде Әмина Өмірзақова қазақ киносы тарихындағы ең бір сәтті "Ана"  бейнесін жасады", – делінген хабарламада.

Ретроспектива аясында Әмина Өмірзақова шығармашылығы жайында профессор Назира Мұқышева дәріс оқыды, доцент Инна Смаилова баяндама жасады.

Т. Раушанұлы