Сарыарқа төрінде «Қыз Жібек» сазды драмасы қойылды

Сарыарқа төрінде «Қыз Жібек» сазды драмасы қойылды
Фото: vk.com

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастрольдік сапармен Астана қаласына  келді.  

Өнер ұжымының Елордамыздағы «Алатаудан Сарыарқаға сәлем!» атты гастрольдік сапары 15 маусым күні  Бейбітшілік және келісім сарайында ресми түрде ашылды.

Алғашқы болып «Қыз Жібек» сазды драмасы жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл қойылымның алғашқы болып қойылуы да заңдылық. «Қыз Жібек» сазды драмасы қазақтың эпостық, фальклорлық, тарихи негізі бар дүниелеріне өте бай қойылым.

Театр басшылығы гастрольдің ашылу салтанатымен астаналықтарды құттықтап, театрдың шығармашылық ұжымына сәттіліктер тіледі. Әкемтеатрдың қойылымын тамашалауға келген астаналық көрермендер де өздерінің ерекше ықыласын білдіріп, театр актерлерінің шеберлігіне тік тұрып қошамет көрсетті.

Сонымен қатар, Астана «Жастар театрының» ғимаратында 17 маусымда «Актерді өлтірген кім?» криминалдық драмасы көпшілік назарына ұсынылды. Ал бүгін, яғни 18 маусым, дәл осы сахнада Д.Исабековтың «Жаужүрек» драмасы қойылады.

Театрдың кезекті сапары Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында жалғасады. Көрермендер 19 маусым мен 21 маусым күндері «Қоштасқым келмейді» драмасы және       «Сыған серенадасы» мюзиклін тамашалай алады.

А. Оралқызы