"Достар серті" мюзиклі – қарашаңырақ сахнасында

"Достар серті" мюзиклі – қарашаңырақ сахнасында
Фото: vk.com

Біз осыған дейін "Астана мюзикл" театрының Алматыға гастрольдік сапармен келгенін хабарлаған болатынбыз.

Осы сапар аясында 23, 24 наурыз күндері "Ромео мен Джульетта" мюзиклі, ал 25 наурыз күні шетел мамандары мен әртістерінің қатысуынсыз жасалған бірыңғай қазақстандық өнім "Достар серті" қойылымы көрермен назарына ұсынылды.

"Достар серті" – мюзиклі жарқын, өткір ойлы, қабылдауға жеңіл спектакль. Алайда сюжетте кейбір мұңды "ноталар" баршылық, бірақ бұл өмірдің жарқын мәнін одан сайын баса айту үшін жасалған. "Достар серті" мюзиклінің негізінде төрт жас жігіттің достық тарихы жатыр, бұл туралы көрермен туынды кейіпкерлерінің бірі 63 жастағы Мараттан естиді. Оның монолог-естеліктері спектакльдің сюжеттік желісін құрайды және көрерменді өткен ғасырдың 70-жылдарына алып барады. Сол заманның үлгісі бірегей әрі жарқын берілген. 

Танымал ретро-хит әндер сюжетке үйлесімді орайластырылған. Олар атақты қазақстандық композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, "Дос-Мұқасан" ВИА репертуарындағы халықтың сүйікті әндері. Одан басқа мюзиклде "Битлз" тобының туындылары ("Girl", "Can't buy me love") мен тиісті музыкалық стилистикада жасалған Артур Оренбургскийдің авторлық вокалдық, аспаптық композициялары пайдаланылған. Либретто авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сценарист Бақыт Қайырбеков. Ал, мюзикл режиссері — Еслям Нуртазин. Қазақ тіліне аударған  — драматург, ақын Аннас Бағдат.  

Мөлдір махаббат пен шынайы ерлер достығы туралы лирикалық комедияның Алматыдағы қойылымына халық көп жиылды. Олардың қатарында белгілі өнер адамдарымен қоса, сайт оқырмандары да болды.

Үнемі Алматы шаһарындағы мәдени оқиғалардың ортасынан табылатын Massaget.kz сайтының тұрақты оқырманы әрі блогер Назым Сапарова да қойылымға қатысты мынадай пікірін білдірді:

"Елорданың 20 жылдығы мен "Руxани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы "Astana musical" театры Алматы қаласында гастрольдік сапармен келген еді. Театр өнерін қатты жақсы көргендіктен, бұл сапардың қойылым қорын ешқайсысын назардан тыс қалдырмауға тырысып жүрмін. Бүгін "Достар серті" қойылымын көріп, саxнаға шығып өзім бірге ән шырқап, билегім келіп кетті. Жастардың жалынды энергетикасының лебі адамды ерекше жігерлендіреді. Мюзикл желісі 60-70 жылдар кезеңінде өрбіп, еліміздің әр өңірінен арман қуып консерваторияға оқуға келіп, бір қалада тоғысқан төрт абитуриент жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғаларын, адал достық пен нағыз маxаббат xикаяларын баяндайды. Әсіресе, Жұматай рөлін сомдаған Саламат Мұқашевтың сүйген қызынан досы үшін бас тартқаны қатты әсер етті. Қазір достыққа берік адамдар кемде кем ғой. Студент атанғанда, жастардың қуанғаны өзімнің оқуға түскенде қалай толқығанымды еске түсіріп жіберді. Бәрі сондай кіршіксіз шынайы болды. Рақмет, "Astana musical " театры! Жалынды жастардың қатары көбейіп, өнерлеріңіз өрге жүзсін!"

Естеріңізге сала кетейік, "Astana Musical" театрының Алматыдағы гастрольдік сапары әлі өз жалғасын табады. Бүгін, яғни, 26 наурыз күні сағат 15.00-де театрдың кіші залында Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған "Жырлайды жүрек" атты музыкалық поэтикалық композиция назарларыңызға ұсынылады. Ал, сағат 19.00-де "Қыз Жібек" этно-фольклорлық мюзиклі саxналанады.

А. Оралқызы