Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры

Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры

Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры өз шымылдығын Астана қаласында 1991 жылы 15 қарашада драматург Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоты» пьесасымен (режиссер Жақып Омаров) ашқан болатын.

Театр 1996 жылы Уфа қаласында өткен Түркі Тілдес мемлекеттер арасында өткен халықаралық «Туғанлық» фестивалінде Ш. Хұсайыиновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясын көрсетіп, лауреат атанды.


Есіл бойындағы қазақ театрына Жақып Омаров, Қазақстан Халық әртісі Қадыр Жетпісбаев, «Халық Қаһарманы», КСРО Халық Әртісі Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті. Бұл күнде театр сыншысы, өнертанушы Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарады.

1999 жылы театр Каир қаласында өткен дүниежүзілік фестивальге қатысты. 2000 жылы Германия Федеративтің Республикасының бес қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты. 2001 жылы Омбы қаласында театрдың онкүндігін өткізді. 2002 жылы Астана қаласының өнер күндерінің аясында Мәскеу қаласының «Моссовет» театрында Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрмеш-Баян Сұлу» спектаклін қойған болатын. 2010 жылдың қаңтар айында Иран Республикасы, Тегеран қаласында Фаджр атындағы Халықаралық театр фестиваліне Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» спектаклімен (қоюшы-режиссер Әзірбайжан Мәмбетов) қатысты.


Театр сахнасында қазақ жазушыларының шығармаларымен қатар, классикалық және қазіргі заманның драматургтарының шығармалары қойылады. М.Әуезов «Қарагөз», «Абай», «Айман - Шолпан»; Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме»; Т.Ахтанов «Күшік күйеу»; С.Тұрғынбекұлы «Мұқағали»; А.Дударев «Кеш»; Дж.Патрик «Қымбатты Памелла»; М. Фриш «Дон Жуанның думаны»; И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы»; А.Цагарелли «Гамарджоба»; Т.Джюдженоглу «Көшкін»; Э.Хушвақтов «Қызыл алма»; Б.Ұзақов «Жандауа»; Қ.Жүнісов «Махаббат мелодрамасы»; Д.Рамазан «Кенесары - Күнімжан»; Е.Жуасбек «Үйлену», «Сен үшін», «Антивирус», «Терең тамырлар»; Ж.М. Шевре «Ізгілік формуласы» т.с.с. қойылымдар өнерсүйер қауымның үлкен ықыласына ие. Сондай-ақ, театр ұжымы өз көрермендеріне Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының эксперменттік нұсқасын ұсынды.

Форумда талқылау

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған