«Қорқыттың көрі» - Атырау қаласында

«Қорқыттың көрі» - Атырау қаласында
Фото: auezov-theatre.kz

21-25 мамыр аралығында Атырау қаласында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби  және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын, драматург Иран-Ғайыптың шығармаларын насихаттауға арналған «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты Республикалық театрлар фестивалі өтеді. Фестивальде драматург қаламынан туындаған шоқтығы биік шығармалар сахналанбақ. Атап айтсақ, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры – «Негізгі шаруа», Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры – «Фатима»,  Семей қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік музыкалық драма театры –«Адасқан бақ құсы», Батыс Қазақстан облыстық Х.Бөкеева атындағы  қазақ драма театры – «Махамбет», «Мәңгілік елдің алтын адамы», сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының репертуарындағы –«Қорқыттың көрі» спектаклі фестиваль қонақтары мен қазылар алқасының назарына ұсынылады.       

«Қорқыттың көрі» қойылымы IX ғасырда ғұмыр кешкен Балтық жағалауы халықтарына өнері кең  тараған, қоңыр қобыздың атасы саналатын Қорқыт баба тарихының сүрлеу жолдары мен ажалмен арпалысқа түсіп, жазмыш жеңген жанның тағдыры мен өлмес мұрасын насихаттайды. Жұмыр басты пенденің арман, мақсатының шетсіз, шексіз екеніне, жалғанның «жалған» болып қала беретініне ойландырады.  

«Қорқыттың Көрі» – Қорқыт-Бабамыздың запырандай ащы аңыз-өміріне арнап қойылған Сахналық Түйсіктің Бейне-Тұжырымы,Өркениеттің, Мәдениеттің, Өнердің, Күйдің – Қасиетті де Киелі Рухани Ұғымның – Жаназа-Реквиемі, «Қорқыттың Көрі» – Дүние-Кезек – Діндер астасуын суреттейтін  Еуропаға  аты  мәшһүр Йонас Вайткустың  шығармашылығындағы  шоқтығы биік өнер  туындысы.  

Театрымыз фестивальде 23 мамыр күні (сағ. 18:00 де) өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, қойылым   10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында  елордада өтетін «Астана Экспо - 2017»  Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысады.

А. Оралқызы