Әуезов театрының "Экспо –2017" көрмесінде сахналайтын спектакльдері

Әуезов театрының "Экспо –2017" көрмесінде сахналайтын спектакльдері
Фото: ©Massaget.kz

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік  академиялық драма театрының ұжымы елордада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін «Астана Экспо - 2017»  Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу үшін жоспарлы жұмыстарын талқылап, қызу дайындықты бастап кетті. 

Елімізде өтетін Дүниежүзілік көрменің аясында аталған театр Астана опера және балет, Астана Жастар театрының сахнасында 18-26 маусым аралығында өз қойылымдарын "Экспо-2017" қонақтарына ұсынатын болады. Атап айтсақ, Ғ.Мүсіреповтың «Махаббат дастаны» трагедиясы (реж.Қ.Сүгірбеков), «Қыз Жібек» мюзиклі (реж. Е.Нұрсұлтан), М.Әуезовтың «Абай» трагедиясы (реж. Е.Обаев), Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасы (реж. Ю.Ханинго-Бекназар), М.Омарованың «Көмбе нанның дәмі» драмасы (реж. А.Кәкішева), Ғ.Есімнің «Таңсұлу» драмасы (реж. А.Кәкішева), Иран-Ғайыптың  «Қорқыттың көрі»  аңыз-дастаны (реж. Й.Вайткус) көрерменге жол тартпақ. Қойылымдарға қысқаша тоқталып өтсек. 

Ғабит Мүсіреповтің «Махаббат дастаны» трагедиясында жастардың сүйіп қосылуды арман еткен тілек-мүдделері қамтылады.

Рақымжан Отарбаевтың  "Сұлтан Бейбарыс" тарихи драмасында ьилеушінің түр-тұлғасы сахнада сөйлейді. Дешті қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (1223-1277) – қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға.  Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да  Бейбарыс бабамыздың  жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына,  жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш – спектакльдің де негізгі лейтмотиві. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»  дегенді халық бекер айтпаса керек…

М.Әуезовтың "Абай" трагедиясында  ақын өмірінің бір кезеңі суреттеледі. Ұлы Абай… Шығармашылық тұлғасы өз алдына, ел ортасындағы, өз шәкірттері ортасындағы жақсыны көре-тани білген, ғашықтықты бағалай, әр шәкіртіне нағыз ұстаз бола білген адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар зұлымдықпен алысқан соқтықпалы, соқпақты өмірі. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы. Қойылымда ұлы ақын шығармашылығының композиторлық  қыры да ашыла түседі.

М.Омарованың "Көмбе нанның дәмі" драмасы  түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен. Сол сұрқай замандағы адам тағдырын көрсете отырып, досқа құшағы ашық, мейірімі мен қайырымы мол қазақ халқының мәртебесін көтереді. Тарихты негіз еткен қойылымның айтар ойы – кешегі қиын күндер арқылы бүгінгі тыныштық пен берекенің нарқын білуге, бағалауға шақырады.

Ғ.Есімнің "Таңсұлу" драмасында қазақ қызының батылдығы мен рухының биіктігі әспеттеледі. «Ел болам десең бесігіңді түзе». Қыз өсіруге ерекше мән берген қазақ үшін осы ұғым – қағида. Толықсып бойжетіп, өз теңіне ұзатылғалы отырған, атына заты сай Таңсұлудың тағдыры ғасырлар бойғы қазақ қыздарының  еншісі. Тұтқынға түскен ару, көз құрты болған сұлулығын өз еркімен тәрк етеді.  Ұрпағын аман сақтап, махаббатына да қылаң түсірмейді. Қанша қиын күн туса да мойымай, ұлына бабалар рухын жырлайды. …Өзінің мұндай талайлы тағдырын  он жасында  түсінде көрген Таңсұлу – Ұлы Даланың жазылмаған заңы  – тектілік пен намыстың символы десе болады.

Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек" эпосын махаббат гимні деудің әбден жөні бар. Оның нағыз көркем туындыға айналу процесі жүріп жатқан кезде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамында жеке бастың, сезімнің бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермеген, ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болған. Солай бола тұрса да, "Қыз Жібек" жырының шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі - сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарағанының бір себебі осында болса керек.

Иран-Ғайыптың "Қорқыттың көрі" аңыз-дастанында махаббат та, отбасы да, діни-наным сенім де бар.

…«Қорқыттың Көрі» – Қорқыт-Бабамыздың запырандай ащы аңыз-өміріне арнап қойылған Сахналық Түйсіктің Бейне-Тұжырымы.

«Қорқыттың Көрі» – Өркениеттің, Мәдениеттің, Өнердің, Күйдің – Қасиетті де Киелі Рухани Ұғымның – Жаназа-Реквиемі. «Қорқыттың Көрі» – Дүние-Кезек – Діндер астасуы… Қойылым оқиғасы – Расул (Мұхамед) Пайғамбар заманына жақын тұста (VII-VIII ғасырда) Баят (Сырдария өзені)бойында өтеді.
Қорқыт – Бүкіл Шығыс Өркениеті іргетасын қалаушылардың ішіндегі ең айтулы Тұлға. 

Аталған спектакльдер театр репертуарынан берік орын алған, халықтың зор қошеметіне бөленген көркемдік тұтастықта шешілген шығармалар.

А. Оралқызы