Көктем мерекесіне арналған махаббат әуені

Көктем мерекесіне арналған махаббат әуені
Фото: Karla Nur

Көктемгі әйелдер мерекесіне орай операның жарқын солистері, талантты музыкант-аспапшылар, сондай-ақ, «Астана Опера» театрының кішкентай әртістері көрерменге өз өнерін тарту етеді. 4 наурыз күні театрдың Камералық залында «Махаббат әуендері тағы естілді» атты жарқын әрі қызықты концерт өтеді.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына көпшіліктің сүйіп тыңдайтын музыкалық шығармалары ұсынылмақшы. Олардың қатарында – аспаптық және опералық классика, қазақ, орыс, италия, испан, татар және тағы басқа тілдердегі романстар, нәзік лирикалық әуендер, ХХ ғасыр композиторларының таңдаулы шығармалары бар. 

Мерекелік кешке елордалық көрерменнің сүйіктісіне айналып үлгерген әртістер қатысады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Салтанат Ахметова, Маргарита Дворецкая, Жан Тәпин, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Талғат Ғалеев сынды вокалшылардың тамаша дауыстары мен Алтынғаным Ахметованың жетекшілігіндегі «Астана Опера» театрының балалар хоры тыңдарманды шаттыққа бөлейді, солист – Қажымұрат Еркін.

Олардың қатарында шебер аспапшылар, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Кирилл Красюков, Нарғыз Ережепова (скрипка), Жанар Ахатова (альт), Құрманжан Ахатов (виолончель), Анатолий Якушкин (контрабас), Александр Малиновский (туба), Жәнібек Бекмәдиев (ұрмалы), Елена Сахно (фортепиано) өнер көрсетеді. 

Театрдың аға концертмейстері Елена Сахно – елордалық әнсүйер қауымның бірнеше сүйікті концерттерінің авторы екенін атап өткен жөн. Бұл музыкалық кештер әсерлі бағдарламасымен ғана емес, шоуға тән элементімен, тамаша орындаушыларымен және жылы да шуақты атмосферасымен тартымды. 

– Әріптес-достармен салтанатты кешке тынбай дайындық жүргізіп жатырмыз, өзіміз музыкант болғандықтан, тыңдарманның жақсы әсер алып, жылы сезімге бөленгеніөте маңызды. Оның үстіне 8 наурыз мерекесіне орай, ана тақырыбында ән шырқайтын «Астана Опера» балалар студиясының жас әртістері үлкендермен тең дәрежеде жұмыс жасайды. Ең жас солист – тоғыз жасар Қажымұрат Еркін – италия тілінде ән орындамақшы, - дейді «Мәдениет қайраткері» Елена Сахно. 

Г. Берік